Глубокое ауданына қарсты Винное ауылында диқандар, ғылыми қауымдастық пен агробизнес өкілдерінің басын қосқан дәстүрлі Дала күн мерекесі өтті, деп хабарлайды F16.kz.
Шара барысында ауыл шаруашылығы саласы мамандарына заманауи техника үлгілері мен инновациялық әзірлемелер көрмесі ұсынылды.
Биыл бұл шара төртінші рет ұйымдастырылып отыр. Оның үстіне біздің компанияға 5 жыл толды. Осыған орай алыс-жақын шет мемлекеттерден, атап айтқанда Ресейден, Беларусьтен және Еуропа елдерінен қонақтар келіп, қатысып жатыр. Ауыл шаруашылығы саласына пайдалы, заманауи техникалар да көрмеге қойылды, — деді “Aitas Agro” компаниясының цифрландыру бойынша жобалық менеджері Алпамыс Кәріпов.
Биыл төртінші рет өтіп жатқан ауқымды шараға Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысты.
Аймақ басшысы егіс алқабында ұйымдастырылған көрмеде замануи агротехнологиялармен танысып, жаңа өнімдерді және ауыл шаруашылығы техникасының заманауи үлгілерін тамашалады.
Дала күні мерекесі — агроөнеркәсіп кешенінің дамуына бірден бір серпін беретін, ғылым, өндіріс және кәсіпкерлік салаларының басын қосатын ерекше шара. Айта кетейік, еліміздегі өсімдік майының 40 пайызы Шығыс Қазақстанда өндіріледі. Ал күнбағыс өңдеу бойынша біздің өңір екінші орында. Сонымен қатар біз ара шаруашылығын, ет өңдеу және дәстүрлі өнімдер шығаруды да белсенді дамытып келеміз, — деді Нұрымбет Сақтағанов.
Шара барысында ауыл шаруашылығы саласының өзекті мәселелері, сандық технологияға көшу мен жасанды интеллектінің рөлі де талқыланды.