Облыс аумағында 12-15 тамыз аралығында «Тұрмыс» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтеді, деп хабарлайды F16.kz.
Елімізде жыл сайын тұрмыстық зорлық-зомбылықтың мыңға жуық оқиғасы тіркеледі. Осындай қылмыстардың алдын алу, анықтау және жолын кесу мақсатында «Тұрмыс» жедел-профилактикалық шарасы ұйымдастырылады.
Облыс тұрғындарын отбасындағы зорлық-зомбылық, денсаулыққа зиян келтіру және өзге де заңға қайшы әрекеттер туралы хабарлауға шақырамыз, — деді ШҚО ПД баспасөз қызметі.
Шара барысында бұрын полиция органдарында отбасы-тұрмыстық қарым-қатынастар саласында заңға қайшы әрекеттер жасағаны үшін профилактикалық есепте тұрған адамдарды тұрғылықты жері бойынша тексеру толық жүргізіледі. Әрбір қолайсыз отбасы тұрғылықты жері бойынша тексеріліп, заңнаманы сақтау және жеке қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.