Шығыс Қазақстан облысында жұмыртқа, тұз, сары май, тауық еті сияқты өнімдер қымбаттаған. Осыған орай аймақ басшысы халық күнделікті тұтынатын азық-түліктің бағасын бақылауды тапсырды, деп хабарлайды F16.kz.
Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары (ӘМАТ) бағасының өсуіне жол бермеу қажеттігін баса айтып, бұл бағытта нақты тапсырмалар берді.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын реттеу – өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі аса маңызды мәселе. Бұл – баға тұрақтылығын сақтау және халық үшін негізгі азық-түлік өнімдерінің қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған экономикалық саясаттың ажырамас бөлігі. Бағаның өсуін тежеу – басты міндет. Бұл – әлеуметтік тұрақтылықты сақтау, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажет, – деп атап өтті өңір басшысы.
Статистикалық деректерге сүйенсек, аймақта жұмыртқа, тұз, сары май, тауық еті сияқты халық күнделікті тұтынатын бірқатар өнімнің бағасы өскені байқалады. Есесіне, картоп, сәбіз, қырыққабат және пияз бағасы төмендеген.
Облыс әкімінің айтуынша, бағаны тұрақтандыру мақсатында халық пен өндірушілерді қолдауға бағытталған қаржылық, әкімшілік және ұйымдастырушылық шараларды қамтитын кешенді жоспар әзірленді.
7 МЫҢ ТОННА КӨКӨНІСКЕ КЕЛІСМШАРТ ЖАСАЛДЫ
Бағаны тұрақтандыру мақсатында «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы кәсіпкерлік субъектілерімен өнім жеткізу бойынша займ шарттарын жасасқан. Сонымен қатар 2025–2026 жылдардағы маусымаралық кезеңге 7 мың тонна көкөніс өнімдеріне (картоп, сәбіз, пияз және қырыққабат) келісімшарттар жасалды.
Бүгінде облыстың әлеуметтік сауда нүктелерінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тоғыз түрі сатылымға шығарылған. Атап айтқанда:
картоп – 263 тг/кг,
сәбіз – 288 тг/кг,
пияз – 228 тг/кг,
қырыққабат – 263 тг/кг,
күріш – 432 тг/кг,
қарақұмық жармасы – 181 тг/кг,
күнбағыс майы – 720 тг/кг,
қант – 417 тг/кг,
рожки – 305 тг/кг.
2025–2026 жылдардағы маусымаралық кезеңге картоп – 2000 тонна, сәбіз – 900 тонна, пияз – 600 тонна, қырыққабат – 900 тонна көлемінде келісімшарттар жасалды.
Әлеуметтік маңыздағы азық-түлік тауарларының бағасы бойынша статистикалық деректер неғұрлым шынайы көрсетілуі үшін статистика департаменті зерттейтін сауда нысандары тізіміне тұрақтандыру қорымен жұмыс істейтін сауда орындарын енгізу ұсынылды.
Келісімшарттардың кеш жасалуына байланысты биыл әлеуметтік тауарлар биыл 22 мамырда ғана басталды. Ал көктем-жаз маусымындағы тұрақтандыру кезеңі 1 мамыр мен 31 шілде аралығында белгіленген.
Аталған механизмді іске асырып, 2026 жылғы көктем-жаз кезеңіне келісімшарттарды 2025 жылғы тамыз айында, ал 2026–2027 жылдардағы күз-қыс кезеңіне келісімшарттарды 2025 жылғы қыркүйекте жасасу қажет, – деп тапсырды облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов.
227 ӘЛЕУМЕТТІК БҰРЫШ ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ
Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен, әсіресе «Алтай» көтерме-реттеу орталығы арқылы форвардтық келісімшарттар жасау мәселесін пысықтау қажеттігі айтылды.
Қазір 1000 көтерме жеткізушімен, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен және сауда орындарымен 7%-дық ең төменгі сауда үстемесін қолдану туралы меморандумдар жасалған. Облыста негізгі тауарларды ең төменгі сауда үстемесімен сататын 227 әлеуметтік бұрыш жұмыс істейді.
ЖӘРМЕҢКЕДЕН ПАЙДА БАР МА?
Жергілікті ауыл шаруашылығы өндірушілеріне өнімдерін үстемесіз сатуға арналған 263 жеңілдікті сауда орны тұрақты түрде ұсынылады. Өнімдерді сауда үстемесінсіз сату үшін облыс көлемінде тұрақты түрде ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері өткізіледі. Жыл басынан бері ШҚО-да 160 ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өткізілді.
Азық-түлік тапшылығын болдырмау мақсатында облыстағы қалалар мен аудандардың әкімдіктері сауда орталықтары мен дүкендерде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының қоры мен бағасына тұрақты түрде мониторинг жүргізеді.