Шығыс Қазақстан облысының Шемонаиха ауданында «Жасыл ел» ұлттық жобасы аясында 80 жас еңбекпен қамтылды, деп хабарлайды F16.kz.
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясының ажырамас бөлігіне айналған «Жасыл ел» жобасы еліміздің өңірлерінде қарқынды жүзеге асырылып келеді. Бүгінде Шемонаиха аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен 80 адам «Жасыл елдің» қатарына қосылды, оның 30-ы аудан орталығында жұмыс істесе, қалғандары ауылдық округтерге бөлінген. Жыл соңына дейін қатысушылар санын 100 адамға жеткізу көзделіп отыр.
Екі ай ішінде «Жасыл ел» жасағы айтарлықтай жұмыс атқарды. Атап айтсақ, 5 гектардан астам аумақты арамшөптен арылтып, 100 текше метрден астам қоқыс жинады. Саябақтар мен эол бойындағы бұта-қарағанды ретке келтіріп, санитарлық мақсатта кесті. Көлік жүргізушілері мен жаяуларға жақсы көрініп тұру үшін 43 жол белгісін жапқан ағаш бұтақтары кесілді.
Қоғамдық орындар мен саябақ аумағын абаттандыру жүргізілді.
Аудан жастары «Таза Қазақстан» сияқты маңызды экологиялық және әлеуметтік бастамаларға белсенді қатысады. Айталық, «Жасыл ел», «Біз салауатты болашақты қолдаймыз! Дұрыс таңдау жасаңыз!», «Таза жағалау», «10 экологиялық әдет», сондай-ақ экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған басқа да көптеген бастамаға атсалысады.
«Жасыл ел» жобасы жастарға жазғы демалыста табыс табумен қатар қоршаған ортаны қорғауға, қоғамның экологиялық мәдениеті мен жауапкершілігін арттыруға үлес қосуға мүмкіндік береді.