Былтыр Қазақстанның туризм саласында серпіліс болды. Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, 2025 жылғы қаңтар—қыркүйек аралығында қазақ даласына 12,1 млн шетел азаматы саяхаттап келген. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 730 мың адамға көп. Шетелдік туристер жиі ат басын байлаған өңірлердің үздік үштігінде Шығыс Қазақстан облысы тұр, деп хабарлайды F16.kz.

Кейінгі жылдары Қазақстан шетелдік туристер арасында танымал бола бастады. Өңірлерде туристік инфрақұрылым жақсарып, жаңа қонақүйлер мен демалыс орындары бой көтеріп жатыр. Жолдар жөнделіп, интернет пен ұялы байланыс желісі кеңейтілді. Қазақстанға келетін саяхатшылар Алматы мен Астанаға ғана тоқтамай, елдің көрікті табиғаты мен тарихи орындарына бара бастаған. Оның ішінде Шығыс Қазақстанға келетіндер үлесі артқан. Бұлай болуы заңды. Өйткені Шығыстың көз тартар көркем табиғаты, көрікті жерлері кез келген туристі қызықтыратыны сөзсіз. Жазиралы жайлау, жасыл желекті орман, ақ сәлделі асқар таулар мен мөлдіреген өзен-көлдерді бір ғана өңірден кездестіруге болады. Елдегі су қорының 40 пайызы, орман жамылғысының 70 пайыздан астамы Шығыс Қазақстанда орналасқан. Аймақта Катонқарағай ұлттық паркі, Марқакөл және Батыс Алтай қорықтары, Мұзтау шыңы, Көккөл сарқырамасы, Қиын Керіш, Ақбауыр кешені, Берел, Шілікті қорғандары сияқты табиғи әрі тарихи-мәдени орындар бар.
Шығыс Қазақстан – туризмнің барлық дерлік түрі дамыған саусақпен санарлық өңірдің бірі. Мұнда экотуризм, белсенді және таулы демалыс, wellness пен сауықтыру бағыттары, мәдени-танымдық және этнографиялық маршруттар жолға қойылған.
Қысқы туризм
Өскемен іргесіндегі «Алтай альпісі», «Нұртау» тау-шаңғы курорттары (Глубокое ауданы), Риддердегі «Эдельвейс» демалыс базасы қатарлы туристік аймақтарда қысқы туризм қарқынды дамып келеді. Бұл өлкеде тау шаңғысы, сноуборд, қысқы трекинг пен демалыстың белсенді түрлері кең таралған. Жер жағдайы, климат, қардың сапасы және сұлу табиғат қысқы туризм үшін өте қолайлы және шетелдік туристерді ерекше қызықтырады. Қыс мезгілінде бұл өңір ерекше көрікке енеді. Шыршалы орман, қар жамылған таулар мен мүлгіген тыныштық жанға жылылық сыйлайды.
Жазғы туризм
Бұқтырма су қоймасы, Самар жағалауы, Сібе көлдерінде жағажай туризмі кең қанат жайса, Катонқарағай, Марқакөл, Күршім, Зайсан, Алтай, Глубокое, Ұлан және өзге аудандарда ауыл туризмі, этнотуризм, сауықтыру туризмі жақсы дамыған.
Бұқтырма су қоймасы – Шығыс Қазақстандағы ең танымал жазғы туристік аймақтардың бірі. Мұнда жағажай демалысы, су спорты, балық аулау, отбасылық демалыс жолға қойылған. Су қоймасының жағалауында көптеген туристік база мен кешендер орналасқан, бұл аймақты жазғы маусымда ерекше тартымды етеді.
Сібе көлдері – Өскеменге жақын орналасқан, жазғы туризмнің ең танымал бағыттарының бірі. Бір-бірімен жалғасқан бес көл мөлдір суымен, тасты жағалауымен және таулы көрінісімен ерекшеленеді. Жаз мезгілінде мұнда суда жүзу, қайықпен серуендеу, кемпинг, табиғатта демалу кең таралған.
Инфрақұрылым
Өңірде инфрақұрылымының жүйелі дамуы туристік айматардың тартымдылығын едәуір арттырды. Соның арқасында туристер саны тұрақты өсіп келеді, оның ішінде шетелдік қонақтардың үлесі баршылық.
Аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов өңірде туризм саласын дамытуға ерекше көңіл бөлініп отырғанын айтады.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Катонқарағай мен Зайсан ауданыдарында жаңа екі әуежай салынып жатыр. Жоба биыл жазда аяқталады. Әуежайлар іске қосылғанда өңірге келетін туристер саны артып, көлік қатынасы жақсарады. Сонымен қатар қызмет көрсету мен сервистік бағыттар да қарқынды дамып келеді, – деп атап өтті облыс әкімі аталған аудан тұрғындарымен болған кездесуде.
Өңір басшылығы туризмді экономиканың негізгі қозғаушы күштерінің бірі ретінде айқындады. Шығыс Қазақстанның даму стратегиясында туристік кластерді қалыптастыру көзделген. Инвестиция тарту, саланы цифрландыру және халықаралық әріптестікті дамыту өңірдің республика көлеміндегі және халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін арттыра түседі. Бұл ретте Алтайдың табиғи әрі мәдени мұрасын сақтай отырып, туризм саласында жаңа деңгейге көтеру – басты міндет.
Тақырыпқа тұздық
ҰҚК Шекара қызметінің мәліметіне сәйкес, 2025 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында Қазақстанға 12,1 миллионнан астам шетел азаматы кірген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 730 мыңға көп. Әсіресе, ТМД елдеріне кірмейтін мемлекеттерден келетін туристер саны айтарлықтай өскен.
Туристер көп келетін бес ел:
Қытай
Қазақстанға 693 мыңнан астам қытай азаматы келген. Өсу деңгейі – 42%. Сарапшылар мұны визасыз режимнің енгізілуімен, жаңа тік рейстердің ашылуымен және Қазақстанның Қытайдағы туристік нарықта белсенді жарнамалануы арқылы түсіндіреді.
Үндістан
2025 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында Қазақстанға шамамен 113 мың үндістандық турист келген. Бұл көрсеткіш өткен жылғы 106 мыңға қарағанда өсім көрсетіп отыр.
Түркия
Қазақстанға 103 мыңнан астам түрік турист келген. Туристік ағынды тұрақты авиарейстер, сондай-ақ екі ел арасындағы іскерлік және мәдени байланыстар қолдап отыр.
Германия
Былтырғы 9 айда Германиядан Қазақстанға 81 мыңнан астам қонақ келген. Оларды табиғат, этнотуризм және тарихи-мәдени нысандар қызықтырады.
Оңтүстік Корея
Туристік ағын 25% өсіммен 41,3 мың адамнан асты. Себептері – тік рейстер, визасыз режим және Қазақстанның табиғаты, мәдениеті мен ұлттық тағамдарына қызығушылық.




