Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуына арналған салтанатты жиынға қатысушыларды құттықтап, ұлы ақынның рухани мұрасы бүкіл адамзат үшін құнды қазына екенін атап өтті, деп хабарлады F16.kz.
Ақорданың мәлімдеуінше, Мемлекет басшысы хәкімнің мерейтойына орай арнайы құттықтау хатын жолдап, онда әлемдік деңгейдегі кемеңгер тұлғаның төл мәдениетімізді дамытуға, халқымыздың сана-сезімін жаңғыртуға өлшеусіз үлес қосқанына ерекше тоқталған.
Ол жаңа әдебиетіміздің негізін қалап, дүниетанымымыздың көкжиегін кеңейтті. Өскелең ұрпақты білімпаз, еңбекқор, адал азамат болуға шақырып, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыратын қасиеттерді кеңінен дәріптеді. Отанға деген сүйіспеншіліктің және ел мүддесі үшін қалтқысыз қызмет етудің озық үлгісін көрсетті, – деді ол.
Президент ұлы Абай мұрасы қазақ халқының ғана емес, барша адамзаттың өнеге алатын асыл қазынасы екенін айтты.
Оның ой-толғамдары мен өсиеттерінің өзектілігі ешқашан жоғалмайды. Сондықтан Абайды тану және таныту, шығармашылығын терең зерделеу өте маңызды. Бүгінгі салтанатты іс-шараның түпкі мәні де – осында, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы ұлылар туған қасиетті Абай өңірін ұлттық құндылықтар мекені ретінде дамытудың маңызын атап өтті.
Бұл өңір – Абаймен қатар Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мұхтар Әуезов сынды ұлттың ұлы перзенттерін дүниеге әкелген киелі өлке. Мемлекет осы аймақты ұлттық құндылықтар мекені ретінде өркендетуге баса мән береді.
Ұлы ойшылдың өміршең өлеңдері мен қастерлі қара сөздері әлі талай ұрпаққа рухани азық болары анық.
Ұлы Абайдың аманатына адал болайық! – деді құттықтау хатта Президент.