Кейінгі жылдары Қазақстанның шығысында заңсыз алтын өндіретіндер көбейді. Сай-саланы күреп, өзен-көлді ластап, даланың қорыс-қопасын шығарған олар табиғатқа орны толмас залал келтіріп жатыр. Малмен жан баққан ауыл жұртының жайылымы тарылып, жайлауы тозды. Tereze жобасының журналистері Алтайдың нуын күреп, суын ластаған «кеншілердің» әрекетінен туындайтын экологиялық проблемаларға үңілді.
Бүгінде Ұлан ауданының Сынтас, Сандықтас, Айыркезең, Тегісшіл, Глинки жайлаулары алтын өндірушілердің «құтты мекеніне» айналды. Қар кетіп, жер қарайғаннан тоң қатып, аяз түскенге дейін бұл өлкеде қазба жұмысы дамыл таппайды. Рұқсат қағазы бар компаниялар да, жасырын жұмыс істейтін заңсыз «кеншілер» де осында. Ала жаздай алтын іздеп сай-саланы қопарып, жерді бүлдіреді. Бұрын қойнауында төрт түлігі өрген төр жайлаудың төсінде қазір темір құрсаулы тракторлар қаптады. Құйқалы даланың құрып бара жатқанын көріп біліп отырса да, жергілікті тұрғындар үнсіз. Алтын туралы айтудан қашқақтайды.

Бірнеше жылдан бері біздің жайлаудан алтын қазыпкеледі. Заңсыз өндіретіндердің қаншасы ұсталып, жауапқа тартылса да тыйылмай тұр. Рұқсаты бар үлкен кәсіпорындар қазған орындарын қалпына келтіреді. Ал жасырын істеп жүрген жекелеген топтар трактормен қопарған жерлерін сол күйінде тастап кетеді. Қазылған жерге жауын-шашыннан су толып, көлшікке айналады. Оған мал түсіп өлген жағдайлар болды, – деді аты-жөнін атамауды өтінген Бозанбай ауылының тұрғыны.
Жалпы, бізбен тілдескен ауыл адамдарының барлығы дерлік аты-жөнін айтқысы келмеді. Әңгіме алтын тақырыбына ауғанда тіпті тіс жармады. Қысқа-нұсқа жауап беріп, сөйлесуден қашты…
«Бүлінген жер қалпына келу үшін 20 жыл уақыт керек»
Шығыс Қазақстан облыстық экология департаменті 2025 жылдың басынан бері өңірде заңсыз жер қойнауын пайдаланатындарға қатысты бес факті тіркеген. Ведомствоның хабарлауынша, тексеру кезінде қазба жұмысын жүргізген компаниялардың жер қойнауын игеруге лицензиясы жоқ екені, экологиялық рұқсатнама алмағаны, экология сараптамасынан өтпегені, өзен арнасын бұрып, суды ластағаны анықталған. Бұл деректер бойынша әкімшілік іс қозғалып, сот шешімі шыққан.

Заңсыз бағалы металл өндірген оқиғалар негізінен Марқакөл, Күршім, Ұлан аудандарында көп кездеседі. Мәселен, Марқакөл өңіріндегі Мойылды, Шаңдыбұлақ-9, Қалжыр өзені учаскелерінде экология талаптарын бұзған. Күні кеше ғана Мойылды учаскесінде заңсыз жұмыс істеген жеке тұлғаның үстінен әкімшілік іс қозғап, сот шешімімен айыппұл салды. Сондай-ақ үш ай мерзімге қазба жұмысын тоқтатты, – деді Шығыс Қазақстан облыстық экология департаменті мемлекеттік экологиялық бөлімінің басшысы, аға инспектор Меруерт Жарылғасымова.
Оның айтуынша, жер қойнауын игеруші табиғатқа келтірген залалды өтеуге міндетті. Өкініштісі, көп жағдайда тау-тасты қопарып, көк майсалы даланың шаңын шығарған заңсыз алтын қазушылар жауапкершілікті мойнына алмайды. Өйткені олар құзырлы органдардан жасырын жұмыс істейді.
Қазіргі Экология кодексіне сәйкес, жерді пайдаланған адам қоршаған ортаға келтірілген залалды өтеуге тиіс. Яғни, қазба жүргізген соң игерілген аумаққа өсімдіктер мен ағаштарды егуі керек. Табиғатты бүлдірген тұлға анықталмаса, бұл міндет сол учаскенің заңды иесіне жүктеледі. Ал учаскенің иесі мүлде болмаса, оны мемлекет қалпына келтіреді. Бұл – бюджетке қосымша шығын. Негізі, бүлінген жерлер табиғи жолмен қалпына келуі үшін кемінде 10-20 жыл қажет. Бұл аз уақыт емес, – деп қосты Меруерт Жарылғасымова.

Департамент өкілінің пікірін белгілі ғалым, натуралист-жазушы, биология ғылымдарының кандидаты Борис Щербаков та қуаттады. Қазба жұмыстары жүргізілетін аумақта сирек кездесетін өсімдіктер, Қызыл кітапқа енген құстар мен аңдар болуы мүмкін. Ал оларды құртып жіберсе уақыт өте келе табиғи тепе-теңдік бұзылып, экологиялық проблемалар туындайды.
Тарбағатай ауданының Маңырақ тауында сирек кездесетін өсімдіктер көп өседі, құстар, бауырымен жорғалаушылардың түрі де жетерлік. Мәселен, альпі өсімдігінің түріне жататын еңлікгүл (эдельвейс), қызғалдақтың түр-түрі бар. Ал құстардың 130-ға тарта түрі кездеседі, олардың біразы Қызыл кітапқа енген. Бізге белгілі құстардан бүркіт, қаршыға, ителгі, лашын, кекілік және тағы басқалары мекендейді. Қазір осы Маңырақтың қойнауында кен барлау жұмысы жүргізіліп жатқанға ұқсайды. Әрине, экономиканы дамыту үшін кен орындарын ашып, өндірісті жұмыс істеткен дұрыс. Бірақ табиғатты қорғауды да есте ұстау керек. біз сирек кездесетін флора мен фаунаны құртып алсақ, қалпына келтіру өте қиын. Ал мұның соңы экологиялық проблемаға әкеліп соғуы мүмкін, – деді Борис Щербаков.
«Алтын өндіретін баламалы тәсілдер іздеген жөн»
Тәжірибешіл экологтар қауымдастығының басқарма төрағасы Лаура Маликова кейінгі жылдары Шығыс Қазақстанда экология мәселелері жиі көтеріліп, халықтың наразылығын туғыза бастағанын айтты. Соның бірі – Күршім ауданының Маралды ауылында болған жағдай.
Жергілікті жұрт Маралды ауылының маңында цианид қоспасын пайдаланып алтын өндіретін фабрика салуға қарсылық білдірген.

Бізге Маралды тұрғындарынан шағым көп түсті. 2023 жылғы тамызда сол ауылға барып, жағдайды көрдім. Халықпен сөйлестім. Сонда көз жеткізгенім, зауыт аумағында Қызыл кітапқа енген өсімдіктер өседі екен. Ал фарикада алтынды улы химилиялық зат – цианидті қолданып өндіреді. Ең қиыны фабрика ауыл іргесінде, таудың басында тұр. Айналасында бұлақтар ағып жатыр. Бұл адамдардың өміріне, денсаулығына қауіпті. Сондықтан біз комбинаттың орнын ауыстыруды сұрадық. Бірақ нәтиже шықпады, жұрттың наразылығына қарамастан зауыт салынып, қазір жұмыс істеп тұр, – деді Лаура Маликова.
Қауымдастық басшысының айтуынша, қазір жер қойнауын игеретін компаниялардың дені алтын өндірісінде цианид қоспасын қолданады. Бұл өте қауіпті. Сондықтан болашақта оны алмастыратын жаңа технологиялар ойлап табу керек.
Ғылым және жоғары білім министрлігі алтын өндірісінде цианидтен басқа қандай заттар қолдануға болатынын зерттейтін жобаларды қаржыландыруы керек. Маралды халқы неге шулады? Өйткені цианидтен қауіптенді. Фабрика қанша жерден талапқа сай, заңды жұмыс істесе де, бәрібір тәуекел болады. Оны толық бақылауда ұстау мүмкін емес. Ең дұрысы, министрлік ғылыми жобаларды қаржыландырып, алтын өндірудің баламалы тәсілдерін енгізуі қажет, – деді ол.
«Көлденең көк аттылардың пайдасына кетіп жатыр…»
Биыл тамызда Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Қаржы мониторинг агенттігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменттері прокуратурамен бірлесіп Ұлан ауданының Шыбынды өзені аңғарында бағалы металдарды заңсыз өндіру және жер қойнауын өз бетінше пайдалану дерегін анықтады. Тергеу барысында «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ директоры орынбасарларының бірі басқа адамдармен бірге кен орнын заңсыз игеруді ұйымдастырғаны белгілі болды. Олар қазба жұмысын «EastGoldStone» ЖШС арқылы жүзеге асырған.
Құзырлы орган өкілдерінің мәлімдеуінше, олар екі жыл бойы тиісті лицензиясыз жұмыс істеген және алтынды өндіру кезінде арнайы ауыр техникаларды қолданған, өзеннің табиғи арнасын бұрған.
Заңсыз әрекеттер салдарынан қоршаған ортаға келтірілген залал 300 млн теңгеден асты. Тінту барысында жалпы құны 382 млн теңге болатын 6,7 кг алтын, 10 млн теңге және 56 мың АҚШ доллары мөлшерінде қолма-қол ақша тәркіленді. Бұл қаражатқа сот санкциясымен бұғаттау қойылды. Күдіктілер 2 ай мерзімге қамауға алынды. Тергеу амалдары жалғасып жатыр, – деп жазды Қаржы мониторинг агенттігінің баспасөз қызметі.
Дәл осындай заңсыздық Самар ауданында да болды. 2025 жылғы 21 қазанда Шығыс Қазақстан облысының экономикалық тергеп-тексеру департаменті өкілдері полициямен және ҰҚК мамандарымен бірге Самар ауданындағы Кеңқарын учаскесінде жер қойнауын өз бетінше пайдаланып, бағалы металдарды заңсыз өндіргендерді әшкереледі. Күдіктілер жер қойнауын пайдалану және қоршаған ортаны қорғау заңнамаларын бұзып,екі жыл бойы лицензиясыз заңсыз алтын өндірген, Құлынжон өзенінің арнасын бұрған. Соның салдарынан табиғатқа 82 млн теңгеден астам залал келген. Тексеру кезінде ауыр арнайы техника (жүк тиегіш, самосвал, экскаватор) және өнеркәсіп жабдықтарын тәркілеген.

Биыл 28 шілдеде Facebook әлеуметтік желісінде белгілі тарихшы, жазушы Тұрсынан Зәкенұлы Шығыс Қазақстан облысының Марқакөл ауданындағы Қалжыр өзенін алтын қазушылар ластап жатқаны туралы жазба жариялады.
«Тас-талқан табиғат, пайда іздеген жеке компаниялар! Бұларды тексеретін, қой дейтін біреу бар ма? Қайда табиғат қорғау мекемелері, қайда облыс басшылары? Осы алтын мемлекет қазынасына құйылып жатса бір сәрі, қайдағы бір көлденең көк аттыладың пайдасына кетіп жатыр», – деп күйінген жазушы бұған қоса оқиға орнынан түсірілген бейнежазбаны жариялады.
Тақырыпты республикалық және өңірдегі БАҚ тарқатып, мәселе көтерген соң тексеру жүргізуге арнайы комиссия құрылып, құзырлы органдар іске кірісті.

Марқакөл ауданында заңсыз алтын өндірумен айналысқан тағы бір дерек анықталды. 2025 жылғы 31 тамызда экология департаментінің мамандары Марқакөл аудандық полиция бөлімімен бірлесіп Шаңдыбұлақ-9 учаскесінде тексеру жүргізіп, жер қойнауын заңсыз пайдаланғандарды әшкерелеген.
Ведомствоның мәлімдеуінше, кен өндіруші «Алтай-2024» ЖШС Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 332-бабының 2-бөлігі («Мемлекеттік экологиялық сараптама қорытындысында қамтылған талаптарды орындамау»), 328-бабының 4-бөлігі («Экологиялық рұқсатсыз не қоршаған ортаға әсер ететіні туралы міндетті декларациясыз қоршаған ортаға антропогенді әсер ететін жұмыс істеу») бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, іс материалдары сотқа жолданды.

Шығыс Қазақстанда заңсыз алтын өндіру экологиялық апатқа айналып барады. Алтын іздеушілер өзен арнасын бұрып, топырақты қопарып, табиғатқа орны толмас залал келтіріп жатыр. Рұқсатсыз кен қазатындардың әрекетінен жер бүлініп, су ластанды.
Экология департаменті мен құқық қорғау органдары заң бірнеше рет бұзылғанын анықтап, айыппұл салып, қылмыстық іс қозғағанымен, мәселе түбегейлі шешімін тапқан жоқ. Ғалымдар мен экологтар табиғи тепе-теңдік бұзылса, сирек кездесетін өсімдіктер мен жануарлар жойылуы мүмкін деп ескертеді. Табиғатты қорғау мен экономикалық мүдде арасындағы тепе-теңдік сақталмаса, Шығыстың шұрайлы даласы мен өзен-көлдері уақыт өте қалпына келмес зардапқа ұшырауы әбден мүмкін.




