Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келген Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев кеңейтілген кеңес өткізді. Кеңесте миллиондаған азаматтың мүддесін қозғайтын төрт негізгі бағыт талқыланды: жазғы туризмді дамыту, балалардың демалысын ұйымдастыру және қауіпсіздігі, медицина қызметкерлерінің құқығын қорғау және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесін қаржыландыру, деп хабарлайды F16.kz.
Туризмге тұғыр болар міндеттер
Ермек Көшербаевтың айтуынша, ішкі туризмді дамыту – Қазақстанның экономикалық саясатының басым бағыттарының бірі. Бұл ретте қауіпсіздікке, қызмет көрсету сапасына, цифрландыруға және көрсетілетін туристік қызметтердің ашықтығына ерекше назар аудару қажет.
Премьер-министрдің тапсырмасына сәйкес алдымызда нақты міндеттер тұр: туризм саласын цифрландыру, инфрақұрылымды жақсарту, қызмет көрсету сапасының стандарттарын енгізу, инвестициялық тартымдылықты арттыру және санитарлық әрі этикалық нормалардың сақталуын бақылауды күшейту. Бұл бағыттар орталық және өңірлік деңгейде жүйелі түрде жүзеге асырылуға тиіс. Азаматтар мен ел қонақтары үшін жазғы маусымның қандай болатыны осы үйлесімді жұмыстың нәтижесіне байланысты. Біз формалды тәсілге жол бере алмаймыз, егер туризмді өңірлік дамудың шынайы қозғаушы күшіне айналдырғымыз келсе, жүйенің әрбір тетігі тиімді әрі халық игілігі үшін жұмыс істеуі қажет, – деп атап өтті Көшербаев.
Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев келесі ақпаратты ұсынды:
- маңызды мәдени, спорттық және іс-шаралардың бірыңғай күнтізбесі бекітілген;
- іс-шаралар туристер келетін нүктелерде QR-кодтар арқылы қолжетімді ұлттық туристік порталға орналастырылған, алайда кейбір өңірлерде бұл тек формалды түрде іске асқан;
- курорттық аймақтардың бас жоспарларын цифрландыру тек екі өңірде аяқталған, қалғандары кестеден кешігуде.
Алакөл көліндегі жүйелі мәселелер де жеке талқыланды: судағы қауіпсіздіктің жоқтығы, санитарлық талаптардың бұзылуы, қоғамдық қолжетімділіктің шектелуі және салық тәртібінің сақталмауы.
Ермек Көшербаевтың тапсырмасы бойынша Туризм және спорт министрлігі басқа тиісті органдармен бірге жағдайды тексеріп, проблемаларды шешу бойынша ұсыныстар әзірлеуге тиіс.
Шығыстың тәжірибесі оң бағаланды
Шығыс Қазақстан облысының оң тәжірибесі ерекше атап өтілді. Мұнда туризм басқармасы құрылған, инвестициялық жобалар жүзеге асырылып жатыр, оның ішінде Риддер қаласындағы жыл бойы жұмыс істейтін «Анатау» курорты бар. 2025 жылғы мамыр айында облысқа туризм саласына құйылған инвестиция көлемі былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 86%-ға артқан.
Кеңесте жазғы демалыс, балалардың бос уақыты мен жұмыспен қамтылуы мәселелері де талқыланды.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, биыл елімізде 3,2 млн бала жазғы демалыспен қамтылмақ. Қазір 10 мыңнан астам мектеп жанындағы лагерь, 204 қала сыртындағы орталық және 17 жыл он екі ай қабылдайтын нысан жұмыс істеп тұр. Ұйымдастыруға 2500-ден астам студент пен 800 ерікті жұмылдырылған. Республикалық ведомствоаралық штаб құрылып, санитарлық және құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимыл жолға қойылған.
Биыл 3,2 млн баланы жазғы демалыспен қамтуды жоспарлап отырмыз. Қажетті жағдайлар жасалған, лагерьлер, жыл бойғы нысандар жұмыс істейді, өңірлік штабтар құрылған. Әр лагерьге санитарлық және құқық қорғау мамандары бекітілген. Персоналмен түсіндіру және оқыту жұмыстары жүргізілуде. Дегенмен, тәуекелдер сақталып отыр, сондықтан санитарлық нормалардың сақталуына жеке жауапкершілікті күшейтіп, бақылауды арттырамыз. Балалар үшін жазғы демалыс мазмұнды әрі қауіпсіз болуға тиіс», – деді оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспанов.
Күн тәртібінде – медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігі
Ермек Көшербаев медицина қызметкерлеріне жасалған шабуылдар санының артуына алаңдаушылық білдірді. 2019 жылдан бері елімізде осындай 161 қылмыс тіркелген.
Медицина қызметкерлері алғысқа ғана емес, нақты заңнамалық қорғауға да лайық, – деді Ермек Көшербаев.
Осыған байланысты айдың соңына дейін медицина қызметкерлеріне қатысты зорлық-зомбылық үшін қылмыстық жауапкершілікті қарастыратын қылмыстық кодекске өзгерістер енгізу жөніндегі заң жобасы Үкіметке ұсынылуға тиіс.
МӘМС қаржыландыру: бақылау күшейту қажет
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының деректеріне сәйкес, кейбір өңірлерде қаражатты басқаруда бұзушылықтар және мақсатсыз пайдалану жағдайлары анықталған. Осыған орай вице-премьер Денсаулық сақтау министрлігі мен МӘМС қорына төмендегідей тапсырмалар берді:
- жүйе қаражатына бақылауды күшейту;
- мақсатты пайдалану бойынша аудит жүргізу;
- барлық қаржылық операциялардың ашықтығын қамтамасыз ету.
Кеңес қорытындысы бойынша Ермек Көшербаев жазғы маусымда халықтың қауіпсіздігі мен өмір сапасын арттыруға бағытталған нақты тапсырмалар жүктеді. Туристік инфрақұрылым мен балалар лагерьлерінің жағдайына бақылауды күшейту, санитарлық және өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету, курорттық аймақтарды цифрландыру мен туристік қызметтерді фискализациялау жұмыстары жандандырылмақ. Сонымен қатар, медицина қызметкерлерінің құқықтарын қорғау мен МӘМС қаражатын тиімді пайдалану мәселелері жіті назарда болады. Барлық бұл шаралар азаматтар үшін қауіпсіз және жайлы орта қалыптастыруға, сондай-ақ әлеуметтік саланы жүйелі түрде дамытуға бағытталған.