Еліміздің бірқатар өңірінде жер үйлерді төтенше жағдайдан сақтандыру міндетті болмақ. Бұл туралы Үкімет басшысының орынбасары Қанат Бозымбаев мәлім етті, деп хабарлайды F16.kz.
Вице-премьердің айтуынша, қазір Азиялық даму банкімен және Дүниежүзілік банкпен бірге тиісті жоба әзірленіп жатыр. Ондағы негізгі мақсат – кез келген төтенше жағдайдан жеке сектордағы тұрғын үйлерді сақтандыру.
Кім қанша төлейді, әзірге белгісіз. Өйткені есеп жүргізіледі, бәлкім 5 мың теңге, егер нашар үй болса жылына 1 мың теңге төлеуі мүмкін. Бірақ судың астында қалса, жер сілкінісі болса, өтемақыны сақтандыру арқылы ала алады, — деп жауап берді Қанат Бозымбаев Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.
Сондай-ақ ол жер үйлерді сақтандыру мәселесі қазір сарапшылармен талқыланып жатқанын тілге тиек етті.
Ешқандай дау болмайды, өйткені зәулім, қымбат жер үйдің иесіне жылына 50 мың теңге көп емес. Ал ауылдағы қарапайым жер үйге жылына 1-2 мың теңге болады, одан жоғары болмайды деп ойлаймын. Көп болса 5 мың теңгеге шығады. Бұл міндетті болады, бірақ тек төтенше жағдайлар қаупі бар өңірлерде ғана, — деп толықтырды вице-премьер.