Күршім ауданында етті мал шаруашылығын дамытуға баса назар аударылған. Жергілікті фермерлерге мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау да аз емес, деп хабарлайды F16.kz.
Аудан экономикасының негізі саласы – ауыл шаруашылығы. Ол облыстың жалпы өңірлік өнімінің 4 пайызына тең. Қазір Күршімде 46 мыңға жуық ірі қара, 105 мыңнан астам ұсақ мал, 24 мыңға жуық жылқы бар. Мұнда негізінен ет бағытындағы мал шаруашылығы жақсы дамыған.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағановтың айтуынша, биылғы алты айда 2,6 мың тонна ет өндірілген, бұл облыстық көлемнің 3,8%-ына тең. Ауданда жалпы қуаттылығы 3,4 мың басқа арналған бес бордақылау алаңы жұмыс істейді, бірақ олардың жүктемесі әзірге 20% шамасында ғана.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы да айтарлықтай нәтиже беріп жатыр. Былтыр фермерлер 47,8 млн теңгеге бес несие алды, ал 2025 жылға 82,5 млн теңгенің 11 жобасы мақұлданды. Бұған қоса, ауданға ветеринариялық қызмет үшін 10 жаңа көлік берілді. Бес ауылда (Кұйған, Маралды, Бурабай, Ақсуат, Сарыөлең) мал қорымдарын салуға 140 млн теңге бөлінді.
Кұйған, Маралды, Бурабай, Ақсуат және Сарыөлең ауылдарындағы бес мал қорымының құрылысын уақтылы аяқтауды Күршім ауданының әкімі Мейіржан Әлібековке және ветеринария, құрылыс басқармаларына тапсырамын. Сондай-ақ 2026–2027 жылдары кезең-кезеңімен салынатын қалған 18 мал қорымына жобалық-сметалық құжаттаманы дайындау қажет, — деді Нұрымбет Сақтағанов.




