Шығыс Қазақстан – электр энергиясы тапшылығына жиі ұшырайтын өңір, сол себепті облысымыз басқа аймақтардан жеткізілетін энергияға тәуелді, деп жазады F16.kz тілшісі.
2024 жылғы мәлімет бойынша, облыста 4,8 миллиард киловатт/сағат электр энергиясы өндірілген, алайда бұл барлық қажеттілікті өтеуге жеткіліксіз. Облыс кіші су электр станцияларын салу арқылы көрші өңірлерге деген энергиялық тәуелділігін азайтары сөзсіз еді. Су ресурстарына бай ШҚО-да бұған бұған барлық алғышарт бар.
Облыс әкімдігінің мәжілісінде ШҚО Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Исатай Ансат Су шаруашылығын жобалау институты өңірдегі су электр станцияларының әлеуетті нысандарының атласын жасауға қызығушылық білдіргенін хабарлады.
– Дұрыс таңдау үшін Түркістан және Алматы облыстарының тәжірибесін зерттегеніміз абзал. Кіші ГЭС жобалары барынша жергілікті жағдайларға бейімделген болуы керек, яғни нақты аумақтар мен өңірдің қажеттіліктеріне сай келуі тиіс, – деп атап өтті И.Ансат.
Ол болашақ жобалардың құны 3 пен 20 миллион АҚШ доллары аралығында болатынын айтты, сондықтан аукционға дейін ұсыныстар мұқият әзірленуі қажет. Жобалау және құрылысқа дайындықты ширату үшін кәсіпкерлік басқармасының басшысы іздестіру жұмыстарына «Ертіс» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 65 миллион теңге бөлуді ұсынды.




