Шахтер күні қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан Премьер-министр Олжас Бектенов көмір өнеркәсібінің ардагерлері мен мамандарын кәсіби мерекелерімен құттықтап, мемлекеттік наградалар табыс етті.
Марапат алғандар қатарында «Шығыстүстімет» ЖШС Ертіс шахтасының №2 телімінің үңгілеушісі Азат Соғымбаев бар. Ол «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
Үкіметтің баспасөз қызметінің мәліметіне сәйкес, Қазақстан минералдық ресурстардың ең ірі қоры бар он мемлекеттің қатарына кіреді. Еліміздегі көмір қоры 34 млрд тоннаға бағаланады, бұл әлемдік ресурстардың 4%-ын құрайды. 2025 жылдың жеті айында Қазақстан экономикасы 6,3%-ға өсті. Бұл ретте тау-кен өнеркәсібі 8,5%-дық жоғары өсу қарқынын көрсетті, көмір өндіру 10,6%-ға өсті. Бүгінгі таңда салада 145 мыңнан астам азамат қызмет етеді, оның 32 мыңы көмір өнеркәсібінде.
Мемлекет басшысы жариялаған биылғы «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында шахтерлер мен кеншілер еңбегіне ерекше көңіл бөлініп отыр. Ғасырлар бойы бұл мамандық ең күрделі және маңызды мамандықтардың бірі болып отыр. Сіздердің табандылықтарыңыз бен төзімділіктеріңіз, еңбекқорлықтарыңыз бен адалдықтарыңыз құрмет пен мақтауға лайық. Еңбек адамын жан-жақты қолдау, өндірісте қауіпсіз жағдайларды қамтамасыз ету — мемлекеттің басты басымдығы. Ол мақсатта еліміздегі шахталар өндірістік қауіп-қатерлерді төмендетуге мүмкіндік беретін цифрлық жүйелермен жарақтандырылып жатыр. Пилотсыз техника, қашықтан басқару және жерасты радиобайланысы енгізіліп келеді. Бұл жұмыстар жалғаса бермек, — деп атап өтті Премьер-министр.
Олжас Бектенов тау-кен өнеркәсібі өзінің стратегиялық маңызын сақтап қала беретінін атап өтті. Сирек және жерде сирек кездесетін металдардың кен орнын игеру еліміздің дамуына қосымша серпін беріп, шахтер мамандығының маңызын нақтылай түседі.
Шахтерлер мен кеншілер Мемлекет басшысына жұмысшы мамандықтарына көңіл бөліп келе жатқаны үшін алғыс білдірді.
Көмір және тау-кен саласын дамытуға қосқан үлесі үшін ерекше көзге түскен қызметкерлерге мемлекеттік наградалар мен құрметті атақтар табыс етілді.




