Семсерлесуден Қазақстанның ерлер құрамасы Мароккода өткен әлем кубогінде Ресей құрамасынан 45:40 есебімен басым түсіп, алтыннан алқа тағынды, деп хабарлайды F16.kz.
Айта кетейік, ұлттық құрама сапында Шығыс Қазақстан облысының спортшылары Кирилл Павлов, Кирилл Проходов және Вадим Шарлаимов өнер көрсетеді.
Қазақстан құрамасы жарыс барысында жоғары дайындық деңгейін, шеберлік пен жеңіске деген жігерін танытты. Алғашқы айналымда Түркия құрамасын 45:20 есебімен ұтқан отандастарымыз 1/8 финалда Гонконг спортшыларын 45:28 есебімен жеңді.
Ширек финалда Мысыр құрамасынан 45:40 есебімен басым түсіп, жартылай финалда Франциядан келген командадан да осындай есеппен алға шықты. Ал финалда Ресей құрамасына қарсы тартысты бәсекеде 45:40 есебімен жеңіс жалауын желбіретті.




