Риддер қаласына жақын жерде жұмыс істеген Central Asia Kaisheng Minerals & Energy International Group Ltd компаниясының әрекеттеріне қатысты тергеу жүріп жатыр, деп хабарлайды F16.kz.
Істің мән-жайы
Риддер қаласы әкімдігінің ақпараты бойынша, қытайлық компания өкілдері бастапқыда Шаравка елді мекенінің аумағындағы жолды абаттандыру және сол жерде техника орналастыратын алаң жабдықтау мәселесімен жүгінген. Кәсіпорының Экология және табиғи ресурстар министрлігінен алынған бағалы металдарды барлауға арналған рұқсаты болған. Алайда өндіруге рұқсаты болмаған. Өйткені алдағы уақытта барлауды басқа учаскеде жүргізуді жоспарланған көрінеді. Компания Шаравка аумағын тек техника мен материалдарды орналастыратын база ретінде пайдалануға тиіс еді. Алайда компания өкілдері келісілген жұмыс шегінен асып, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер телімін тегістеп тастаған.
Компанияның бұл аумақтағы құнарлы топырақ қабатын алуға құқығы жоқ екенін айтады әкімдіктегілер. Заңға қайшы әрекеттен кейін жергілікті билік прокуратураға, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына, облыстық экология департаментіне өтініш жолдаған.
Нәтиже
Экология департаменті жүргізген жоспардан тыс тексеру барысында экологиялық заңнама талаптарының бұзылғаны нақтыланды. Ведомствоның хабарлауынша, компанияның әрекеттері ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 344-бабының 2-бөлігіне, 324-бабының 1-бөлігі және 327-1-бабының 1-бөлігіне қайшы.
Кәсіпорынға айыппұл салынып, жерді қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу туралы нұсқау берілді.
Риддер қаласының әкімдігі қазіргі уақытта компанияның қызметі толық тоқтатылғанын хабарлады.
«Қазір оларға қатысты тексеру және тиісті рәсімдер жүргізіліп жатыр. Аумақты қалпына келтіру мәселесі уәкілетті органдардың бақылауында», — деп мәлімдеді әкімдік.
Облыстық полиция департаменті аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 334-бабының 3-бөлігі («Жер қойнауын өз бетінше пайдалану») бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталғанын хабарлады. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді.




