Шығыс Қазақстан облысы сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Асхат Сағидолдин азық-түлік бағасын тежеу шаралары туралы айтты, деп хабарлайды F16.kz.
Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, Шығыс Қазақстанда 2026 жылдың тоғыз айында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының индексі 100,9 пайыз болды. Бұл 101,4 пайызға жеткен орташа республикалық көрсеткіштен төмен.
Бағаны тежеу тетіктерінің бірі – ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі. Шығыс өңірінде жыл басынан бері 490 жәрмеңке өткізілген. Қыркүйек айынан бастап жәрмеңкелер Сауда министрлігінің бастамасымен бірыңғай форматта «Дала дәмі» деген атаумен өткізіліп келеді. Мұндағы мақсат – ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін отандық кәсіпорындарды қолдау және отандық өнімдерді тұтынушыға тікелей жеткізу.
Департамент өкілдерінің айтуынша, бағаны тұрақтандырудағы тағы бір тәсіл – кәсіпкерлерге «Ертіс» ӘКК» АҚ арқылы «айналым схемасы» бойынша қарыз беру. Аталмыш бағдарлама аясында ұсынылатын тауарларға бес пайыздан аспайтын сауда үстемесі белгіленеді.
– Қазір бұл желіге 41 сауда нысаны кіреді: «Ертіс» ӘКК»-нің 17 павильоны (төртеуі Риддерде) және 24 серіктес дүкен. Әкімдікпен бірлесіп әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын бақылауды жалғастырамыз, – деді департамент басшысы.




