Конституцияның 30 жылдығына орай өңірде кезекті әлеуметтік нысан ел игілігіне берілді. Алтай ауданына қарасты Октябрьск кентінде жаңа дәрігерлік амбулатория ашылды, деп хабарлайды F16.kz.
Аудан әкімінің орынбасары Жанна Аскарова жиналған жұртшылықты аудан әкімі Ренат Құрмамбаевтың атынан құттықтап, тұрғындар үшін сапалы медициналық қызмет қолжетімді болатынын атап өтті.
Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту — мемлекетіміздің басым бағыттарының бірі. Бүгінде біз Октябрьск кентінің тұрғындарын білікті медициналық көмекпен қамтамасыз ететін жаңа дәрігерлік амбулаторияны аштық. Бұл азаматтардың денсаулығына, қауіпсіздігіне және әл-ауқатының артуына үлес қосады, — деді аудан әкімінің орынбасары өз сөзінде.
Жаңа дәрігерлік амбулатория заманауи медициналық құрал-жабдықтармен жабдықталған. Ол тексеруден бастап, алғашқы медициналық көмек көрсетуге дейін мүмкіндік береді.
Біз бұл медициналық нысанды жылдар бойы күттік. Бұрын аудан орталығына баруға тура келетін. Енді заманауи амбулаторияда ем қабылдай аламыз. Ауыл халықының жағдайын ойлап, осындай нысандар ашылып жатқанына қуаныштымыз, — деді зейнеткер, жергілікті қоғамдастық мүшесі Евгений Семенюк.
Жаңа мекемеде науқастарды қабылдауға да, медицина қызметкерлерінің жұмысына да қолайлы жағдай жасалған.




