Өскемендегі Үлбі жағалауында Конституцияның 30 жылдығы мен Қала күні мерекесіне орай «Ана – ұрпақтың шамшырағы» шеруі өтті. Көпбалалы аналар арасында өнер сайысы ұйымдастырылып, қала тұрғындары концерт тамашалады, деп хабарлайды F16.kz.
Көңілді шара ұлттық киім киген бір топ аналардың Үлбі бойымен жүріп өтуімен басталды. Шеруше қатысқан Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Ирина Смит шараның негізгі ұйымдастырушысы «Жан ана» қоғамдық бірлестігі мүшелеріне алғысын айтып, қала тұрғындарын келе жатқан қос мерекемен құттықтады. Бұл кешке осы бірлестік мүшелері, көпбалалы аналар қатысып, жиылған көпшілік думанды сәттің куәсі болды.

Осы шараның өтуіне мұрындық болып, атсалысқан және қала тұрғындары мен қонақтарына мерекелік көңіл күй сыйлаған «Жан ана» қоғамдық бірлестігінің мүшелеріне алғыс айтамыз. Конституциямыздың 30 жылдығы мен Қала күні баршаңызға құтты болсын! – деді Ирина Смит.
«Жан ана «қоғамдық бірлестігінің негізін қалаушы Гүлжамал Қаржауова мұндай іс-шараны өткізудегі мақсат өскелең ұрпақтың бойына отбасылық құндылықтарды сіңіріп, елге, жерге деген сүйіспеншілікті арттыру екенін айтты.

Конституция күні мен Қала күніне арнап көпбалалы отбасылардың шеруі ұйымдастырылды. Туып-өскен жерімізді ұлықтап, кейінгі ұрпақтың бойына патриоттық сезімнің дәнегін себуді мақсат еттік, – деді «Жан ана» қоғамдық бірлестігінің негізін қалаушы Гүлжамал Қаржауова.
Ұлттық киім киген қыз-келіншектердің қатысуымен өткен шара көпбалалы аналардың қоғамдағы рөлін айқындап, шығармашылық әлеуетін паш етті.
Бүгінгі кештің шырайын келтірейік деп отбасыммен «Аналар шеруіне» қатысып жатырмын. Жарысқа қатысып, бақ сынап көруге келдім, – деді Айымгүл Көккөзөва.
Бегімай, Аяна есімді қос қызымен келген ол жапырақтармен табиғаттың бейнесін қолмен жасап ұсынды.

Көпбалалы аналар мен балалары қолөнер бұйымдарын жасап, ән айтып сайысқа түсті. Өнерімен өзгелерден озған бес отбасына «Қазцинк» компаниясының демеушілігімен бағалы сыйлықтар табысталды.
Дана Әбдікәрім




