Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында жариялаған Жолдауында жақында Зайсан, Қатонқарағай және Кендірліде әуежай құрылысы аяқталатынын айтты, деп хабарлайды F16.kz.
Соңғы жылдары авиация инфрақұрылымын жаңғырту үшін көп жұмыс істелді. Былтыр Алматы, Шымкент, Қызылорда қалаларында жаңа терминалдар ашылды. Жақында Зайсанда, Қатонқарағай және Кендірліде әуежай құрылысы аяқталады. Арқалық әуежайы қалпына келтіріліп жатыр. Бұл жобалар аймақтардың экономикалық белсенділігін арттыруға ықпал етеді, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді, сондай-ақ, басқа да бірқатар саланың дамуына серпін береді. Сондықтан, бұл жұмыс өз жалғасын табады, — деді Президент.
Сондай-ақ ол әуемен жүк тасымалдау ісіне айрықша назар аудару керектігін атап өтті.
Мен бұған дейін әуемен тасымалданатын жүк көлемін екі есе ұлғайту жөнінде тапсырма бердім. Бұған бірінші кезекте, шетелдің ірі инвесторларын тарта отырып Ұлттық жүк тасымалдаушы компания құру арқылы қол жеткізуге болады. Электронды сауда-саттық пен озық технологиялық өнімдердің саудасы қызып тұрған қазіргі кезде әуемен жүк жеткізу аса жоғары сұранысқа ие әрі табысы көп тасымал түрі саналады. Сондықтан біз әуе хабтарын белсенді түрде дамытып, олардың жаһандық логистика тізбегіне кірігуін қамтамасыз етуге тиіспіз, — деді Мемлекет басшысы.
Жолдауда экспресс-жүк тасымалдау саласын ретке келтіру қажеттігі де айтылды. Қазір бүкіл әлемде ұшқышсыз жүк тасымалдайтын арнайы автокөліктер мен дрондар сияқты көлік түрлері дамып жатыр. Ел Президенті Үкіметке осындай технологиялардың тез арада қолданысқа енгізілуіне барынша жағдай жасауды тапсырды.
Соның ішінде, тиісті құқықтық актілер қабылдауы керек. Жалпы, мен бұған дейін бірнеше рет айттым: Қазақстан Еуразиядағы көлік хабы болуға тиіс. Бұл – стратегиялық маңызы зор міндет. Бұл жұмысқа осы салада табысқа жеткен үздік мамандар мен кәсіпкерлерді тарту керек. Бірақ, негізгі жауапкершілік – Үкіметте. Тапсырманың орындалу барысын жылдың басында Үкіметтің жылдық есебінен кейін арнайы жиналыста қараймыз, — деді ол.




