Шығыстың бас шаһарында «Дәстүр сабақтастығы – мәдениеттің кепілі» атты мазмұны терең танымдық іс-шара өтті. Оған Шымкент қаласынан арнайы келген Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының өкілдері мұрындық болды, деп хабарлайды F16.kz.
Шығыс Қазақстан Өнер музейінің ұжымы күнгейден сапар шеккен ұлттық құндылық жанашырларын төрге оздырып, жан-жақты қолдау көрсетті.
Халқымыздың ұмыт бола бастаған салт-дәстүрін жаңғырту, бұрмаланған жөн-жоралғыны оң насихаттау біздің негізгі мақсат, – деді «Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының» директоры Жұмабай Әбдиев.
Бұл кеште көрермен қауымға салт-дәстүрді ұлықтаған әсерлі қойылым ұсынылды. Бір ғана қойылым барысында қазақтың оннан астам дәстүрі насихатталып, шараға жиналған қауым ерекше әсер алды.
Сонымен қатар ұлттық киімдер, тұрмыстық бұйымдар және дәстүрлі өнер туындылары көрмеге қойылып, көпшіліктің назарына ұсынылды.




