Шығыс Қазақстан облысының кей аудандарында асыл тұқымды мал басының үлесін арттыру жоспары назардан тыс қалып жатыр. Бұл туралы бүгін өткен әкімдік отырысында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Жаннат Көшерова айтты, деп хабарлайды F16.kz.
Аудан әкімдерінің айтуынша, бұған басты себеп – субсидиялаудың өзгеруі. Жаңа ереже бойынша қожалықтар стандартқа сай келмейді және субсидияның жоқтығы жұмысты тоқтатып отыр.
Біз ет, сүт өнімдерін, қайта өңдеу өнеркәсібін субсидиялауға бірінші кезекті мән беруіміз керек. Ол өңірдің дамуында жетекші рөл атқарады. Ал, бізде керісінше бұл сала қалыс қалып отыр. Қазір субсидия қай салаға, не үшін бөлініп жатқаны түсініксіз. Сондықтан арнайы комиссия құрып, мәселені қайта қарау керек, — деді аймақ басшысы.
Өңірде машина-трактор паркін жаңарту дейгейі де өте төмен. Жыл басынан бері ауыл шаруашылық машина-трактор паркін 6,5%-ға жаңарту жоспарланған. Алайда 9 айда аталған көрсеткіштің тек 5%-ы орындалған.
Бірақатар аудандарда жаңа ауыл шаруашылығы техникасын тіркеу және ескіргенін есептен шығару жұмыстары баяу жүргізіліп жатыр. Ресми деректер бойынша, жыл көлемінде 1347 бірлік тракторды есептен шығару жоспарланса, бүгін оның 73%-ы орындалған. Ал, комбайндар бойынша жоспар артығымен орындалды. Алайда, Өскемен, Риддер қалалары мен Күршім ауданында белгіленген жұмыс жүргізілмеген, — деді Жаннат Көшерова.
Аймақ басшысының тапсырмасы бойынша, аталған аудан басшылары жағдайды қатаң бақылауға алуы тиіс. Сонымен қатар, Алтай мен Үлкен Нарын аудандарының әкімдеріне де ірі сүт тауарлы фермаларының құрылысы кестеге сай жүргізіліп, уақытында қолданысқа берілуін қадағалауды тапсырды.




