2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап тиісті талапқа сай жаңғыртылмаған базарлар жұмысын тоқтатады немесе мүлдем жабылады. Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігі Сауда комитеті төрағасының орынбасары Ернұр Жәутікбаев мәлім етті, деп хабарлайды F16.kz.
Келер жылдан бастап жаңғыртудан өтпеген базар иелеріне қатысты әкімшілік жауапкершілік қарастырылады. Егер талаптар орындалмаса, базарлардың қызметін уақытша тоқтату немесе толық жабу үшін материалдар сотқа жіберіледі, – деді Жәутікбаев.
Комитет төрағасының айтуынша, базарларды жаңғырту жұмысын аяқтау мерзімі бірнеше рет, яғни 2018, 2021 және 2023 жылдары кейінге шегерілген. Соңғы рет 2026 жылғы 1 қаңтарға белгіленді. Енді шегерілмейді.
Сауда базарларын жаңғырту тек экономикалық емес, сондай-ақ әлеуметтік маңызға да ие. Қазір сауда саласын жаңарту және заманауи сауда форматтарының үлесін арттыру – маңызды міндеттердің бірі. Сауда министрлігі 2029 жылға дейін заманауи сауда форматтарының үлесін 70%-ға дейін жеткізуді көздейді. Қазір бұл көрсеткіш 41%деңгейінде, – деді комитет төрағасының орынбасары.
Оның мәліметінше, кейінгі төрт жылда Қазақстанда 156 базар жаңғыртылды. Биыл республика аумағында 100 базарды жаңғырту жоспарланған. Бүгінге дейін олардың 57-сінде ғана тиісті талапқа сай құрылыс жұмысы жүргізілген.




