Қазір өңірдегі салалық қызметтің штаттық жасақталуы 87 пайызды құрайды. Кадр тапшылығын азайту үшін жоғары оқу орындарымен бірлескен жұмыс жүргізіліп, жас мамандарды ауылдық жерлерге тартуға басымдық беріліп отыр. Бұдан бөлек, келесі жылы ветеринария мамандарының еңбекақысын көтеру көзделген. Бұл туралы облыстық ветеринария басқармасының басшысы Рамиль Сағындықов айтты, деп хабарлайды F16.kz.
Бүгінде облыста ветеринариялық қызметтің материалдық-техникалық базасын нығайту және кадр тапшылығын азайту бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр. 2026–2027 жылдары өңірде жалпы құны 3,6 млрд теңгеден асатын 131 ветеринариялық нысан салу жоспарланған.
Биыл 32 ветеринариялық пункт, үш аудандық ветеринариялық станция және 25 мал қорымын салу көзделген. Қазіргі уақытта нысандардың 70 пайыздан астамы пайдалануға беруге дайын, — деп атап өтті басқарма басшысы.
Саланы дамытуда ветеринариялық нысандардың жай-күйі мен техникалық жарақтандырылуы да маңызды. Өткен жылдың соңында өңірдегі ветеринариялық қызмет арнайы автокөлікпен толық қамтамасыз етілген.
Кадр тапшылығын азайту үшін жоғары оқу орындарымен бірлескен жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұдан бөлек, келесі жылы ветеринария мамандарының еңбекақысын көтеру де жоспарланып отырған көрінеді.
Ветеринариялық қызметтің негізгі міндеті — жануарлар арасында жұқпалы аурулардың таралуына жол бермеу. Биыл осы мақсатқа 2,2 млрд теңге бөлінді. Жыл басынан бері жануарлардың жеті түрлі жұқпалы ауруына қарсы 4,1 млн профилактикалық шара жүргізіліп, бруцеллёзге қатысты 1,2 млн диагностикалық зерттеу жасалды. Бұдан бөлек, 420 мал шаруашылығы нысаны дезинфекциядан өтті. Алдын алу жұмыстарының нәтижесінде соңғы бес жылда облыста бруцеллёздің таралу деңгейі едәуір төмендеген. Соған қарамастан, аурудың алдын алу және эпизоотиялық жағдайды бақылау жұмыстары жалғасады, — деді Рамиль Сағындықов
Цифрлық технология мен жасанды интеллект бүгінде ветеринария саласына да енгізіліп келеді. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жүйесі, ISZH Mobile және Tört Tülık платформалары арқылы мал басы, вакцинация, диагностикалық зерттеулер мен жануарлардың қозғалысы туралы деректер тіркеледі. Бұл ветеринариялық есептің дұрыстығын қамтамасыз етіп, қажетті ақпаратты жедел алуға мүмкіндік береді.




