А.С. Пушкин атындағы облыстық кітапханада Ұлы Отан соғысының ардагері, ұстаз, Кеңес Одағының халық мұғалімі, ағартушы-педагог Құмаш Нұрғалиевтің 100 жылдық мерейтойына арналған «Ұлағатты ұстаз – Құмаш Нұрғалиев» облыстық байқауы өтті, деп хабарлайды F16.kz.
Байқауда өңір мектептері мен колледждерінің мұғалімдері бақ сынады.
Шараның басты мақсаты – Құмаш Нұрғалиевтің ғылыми-педагогикалық мұрасын насихаттау, ұстаздар мен кітапханашылардың шығармашылық әлеуетін арттыру. Қатысушылар «Құмаш Нұрғалиевтің педагогикалық және әдістемелік мұрасы» және «Құмаш Нұрғалиев – білікті басшы, жаңашыл ұстаз» тақырыптарында бейнематериал, зерттеу жұмысы немесе жоба дайындап, эссе түрінде 25 тамыз – 25 қыркүйек аралығында ұсынды, — дейді ұйымдастырушылар.
Байқауда өз ісіне адал, талантты ұстаздарды анықталып, үздік қатысушылар арнайы марапаттарға ие болды.
«Ұлағатты ұстаз – Құмаш Нұрғалиев» байқауы – тек шығармашылық сайыс қана емес, ұрпақтар сабақтастығы мен ұлы тәлімгердің даналығын дәріптейтін рухани алаңға айналды.
Құмаш Нұрғалиев – білім саласына өмірін арнаған, өз ісіне адал тұлға. Оның мұрасы мен еңбегі бүгінгі ұстаздарға шабыт пен жігер беруде.




