Шығыста этнотуризмнің дамуына үлес қосып жүрген ұландық кәсіпкер Бақытгүл Қанжарханқызы «Шығыс Салбурыны-2025» халықаралық фестиваліне келген қонақтарға арнап Бүркіт төбеде ерекше киіз үй тікті, деп хабарлайды F16.kz.

Ондағы ерекшелік киіз үйдің сыртынан кереге басын айналдыра буған жалпақ бауға қазақтың нақыл сөздері мен мақал-мәтелдері төте жазумен жазылған, дұрысы кестеленген. Ал іште ою-өрнекпен әдіптелген сырмақ, тұскиіз, көрпе-жастық, бөстек сияқты ұлттық нақыштағы дүниелер көз жауын алады. Ортада ұлттық тағамдар мол жайылған дөңгелек ағаш үстел, кереге басында қазақтың қара домбырасы ілулі тұр. Анау бір тұста қайыстан өрілген тобылғы сапты қамшыны көруге болады. Салбурынға келген жұрт, әсіресе шетелдік меймандар этноалаңдағы ерекше киіз үйге бас сұғып, дастарханынан дәм татып, ұлттық құндылықтардың тарихымен танысып жатыр.

Баудағы жазуды атамыз Ахмет Байтұрсынұлы қалдырған төте жазумен теріп тоқыдым. Онда: “Ел ауырын еңіреген ел көтереді, үй ауырын опалы ұл көтереді. Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер. Орманды көлге құс үйір, көңілді үйге кісі үйір” деген қазақтың мақал-мәтелі жазылған. Ондағы мақсатым қазақтың мәйекті сөздерін кейінгі жастарға насихаттау, жай ғана насихаттау емес, ұлттық қолөнерімізге қызықтыра отырып дәріптеу, – деді қолөнер шебері Бақытгүл Қанжарханқызы
Бұл отбасы атамекенге көшіп келгелі қолөнермен айналысып, ұлттық мұраны дәріптеп жүр. Алыс-жақыннан ат басын бұрған туристер бұл шаңырақтан айналып өткен емес. Бақытгүл Қанжарханқызы қонақтарына айран ұйыту, май шайқау, құрт қайнату, қымыз баптау, ірімшік жасау секілді ұлттық тағамдарды әзірлеуді үйретіп, алаша тоқу, сырмақ сыру, ою ойып, өрнек тоқудың қыр-сырын көрсетеді. Сондықтан болар Сібе көлдеріне бет алған жұрт Бозанбайдағы Бақытгүл ханымның киіз үйіне арнайы тоқтайды.

Өңір туризмін дамытуға қосып жатқан аз да болса үлесім үшін былтырғы “Шығыс Салбурыны” фестивалінде облыс әкімінің қолынан алғыс хат алдым. Еңбегімді елеп, ескергеніне ризамын. Осы жұмысымды ары қарай жалғастыра беремін. Ұлтымыздың асыл мұрасын жаңғыртып, салт-дәстүрін насихаттауымыз керек. Бұл кейінгі ұрпаққа керек. Тарихымызды, мәдениет пен өнерімізді, руханиятымызды жоғалтпау үшін керек, – деді кәсіпкер.




