Шығысқазақстандық спортшы Фаина Мейірманова Токиода өтіп жатқан XXV жазғы Сурдлимпиада ойындарында биіктікке секіруден жаңа рекорд орнатып, чемпион атағын иеленді, деп хабарлайды F16.kz.
Спортшы сурдо жеңіл атлетика бағдарламасы аясындағы биіктікке секіру жарысында 1 метр 79 сантиметр нәтижені бағындырып, Сурдлимпиада тарихындағы үздік көрсеткішті жаңартты.
Фаина Мейірманова — халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Ол 2024 жылы Тайбэйде (Тайвань) өткен әлем чемпионатында 176 сантиметр нәтижемен 20 жасқа дейінгі спортшылар арасында әлем рекордын тіркеген болатын. Сол жылы өткен Азия–Тынық мұхиты ойындарында ұзындыққа секіруден де топ жарып, чемпион атанды.
Айта кетерлігі, биылғы Сурдлимпиада Жапонияның астанасы Токиода ұйымдастырылып отыр. Бұл — әр төрт жыл сайын өткізілетін, есту қабілеті бұзылған спортшылар қатысатын халықаралық додалардың бірі. Биылғы жарысқа әлемнің 81 елінен шамамен 3 мың спортшы қатысып, 21 спорт түрі бойынша жүлделер сарапқа салынуда. Қазақстан сапынан 78 спортшы 8 түрлі спорт түрінде өнер көрсетіп жатыр. Ауқымды бәсеке 26 қарашаға дейін жалғасады.




