Өскемендіктер әр жұманың кешінде филармонияның үлкен залында жиналып, түрлі аудан өнерпаздарының конецертін тамашалауды дәстүрге айналдырған. Бүгін мұнда Марқакөл ауданының байырғы тұрғындары жиналды, деп хабарлайды F16.kz.
«Туған жер – алтын бесігім» жобасы аясында мәдени күндер өткізу кезегі осы аптада Марқакөл ауданына келіп жетті. Шалғайда жатқан шекаралық ауданның мәдениет және өнер саңлақтары облыс орталығын күмбірлеген күй мен әсем әнге бөледі.

Бүгін ауданның тумаларымен, жан-жақта жүрген байырғы тұрғындармен бас қосу мақсатында Марқакөлден Өскеменге көш керуені ат басын бұрды. 100-ден астам өнерпаз бүгін жиналған жұртшылыққа өз өнерін паш етеді. Ұлы Абайдың 180 жылдығы мен Ұлы Жеңістің 80 жылдығын негізге алып, арнайы қойылымдар көрсетіледі, — деді аудан әкімі Рүстембек Кемешов.
Кешке келген көпшілік алдымен фойеге қойылған жергілікті өнімдер мен қолөнер туындыларының тамашалады.
Марқакөл аудан 2023 жылдың соңында Мемлекет басшысының Жарлығымен қайта құрылды. Жаңа аудан аз уақыт ішінде жеткен жетістіктері мен мақтаныштары туралы мағлұматтарды да көрмеге қойыпты.
Бүгін оқушыларымыз бен ауылдағы он саусағынан өнер тамған қолөнершілердің туындыларын, облыстық, республикалық байқауларда жүлделі орын иеленген жұмыстарды көпшілік назарына ұсынып отырмыз. Клубта қойдың жүнінен дайындалған жұмыстар, қолдан тоқылған сөмке мен аяқ киімдер, түрлі бұйымдар дайындалады және сатылымға да шығарамыз, — дейді Шеңгелді ауылы клубының меңгерушісі Жұлдыз Баймұханбетова.
Одан бөлек, жасанды интеллект көмегімен жасалған «Болашақтағы Марқакөл» макеттері мен бейнекөрсетілімдер, ауылдың еңбек адамдарының тыныс-тіршілігін суреттейтін фотоқұжаттық хроника келушілерді ерекше қызықтырды.
Содан соң филормония залында концерт басталды. Марқакөлдің әр түкпірінен келген өнерпаздар әуелетіп ән шырқап, би билеп, театрландырылған көріністер ұсынды.




