«Жолаушылар тасымалы» АҚ компаниясы мен «Штадлер Казахстан» ЖШС жаңа плацкарт вагондарын көпшілікке таныстырды, деп хабарлайды F16.kz.
Компанияның баспасөз қызметінің мәліметінше, жаңа үлгідегі вагондар елдің климат жағдайына, ұзақ қашықтықтағы жолға лайықты етіліп жасалған және жолаушыларға жайлы болу үшін барлық заманауи талап ескерілген.

Жаңа вагон 58 жолаушыға арналған және толық жабдықталған. Кіру бөлігінде багажға арналған сөрелер орналасқан, ал жолсерік үшін жеке демалыс аймағы, ас блогы және басқару панелі қарастырылған.
Жоғарғы орындарға шығуға арналған баспалдақ орнатылған. Үшінші деңгейде жолаушылардың заттарын салуға арналған кең жүк сөрелері бар. Әр орын жеке 220V розеткасымен, USB және USB-C порттарымен жабдықталған. Төменгі орындардың астында екі жүк қоюға арналған арнайы орын бар. Ал орталық үстел 200 кг салмақты көтере алады.
Алғашқы отандық Stadler вагондары 2026 жылдан бастап келесі бағыттарда жүреді:
- № 3/4 Астана — Алматы
- № 353/354 Астана — Семей
- № 85/86 Астана — Шымкент
- № 47/48 Астана — Атырау

Жыл соңына дейін жаңа вагондардың алғашқы легі «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ға беріледі. Келісім аясында Stadler компаниясы өндірілген вагондарға 20 жыл бойы сервис қызметін көрсетеді. Жалпы жоспар бойынша 2030 жылға дейін 557 вагон пайдалануға беріледі.




