ШҚО-да жұмыс қарқыны төмендеп, көрсеткіші көңіл көншіпейтін аудан және қала әкімдеріне ескерту жасалды, деп хабарлайды F16.kz.
Бүгін Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов қала, аудан әкімдерімен әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің орындалу барысы бойынша кеңес өткізді.
Белгілі болғандай, Алтай, Глубокое аудандары мен Риддер қаласында жұмыс қарқыны төмендеген. Сондай-ақ Өскемен қаласы мен Самар, Ұлан аудандарында да кей көрсеткіштер көңіл көншітпейді.
Аймақ басшысы аталған қала және аудан әкімдеріне қатаң ескерту жасады.
Жыл соңында көрсеткіштері ең төмен үш әкімге қатысты тиісті шара қолданамыз. Біз облысқа құйылатын инвестиция көлемін арттырып, халықтың тұрмыс сапасын жақсартатын жобаларды қолға алуымыз керек. Сондықтан жұмысты күшейтіңіздер, — деді облыс әкімі.
Аталған қала, аудандардың әкімдері аймақ басшысына жыл соңына дейін жағдайды ретке келтіру үшін қандай жұмыстар атқарылатынын баяндады.




