Өскеменде «Атмосфера» бизнес-қоғамдастығының ұйымдастыруымен кәсіпкерлерге арналған офлайн форматта бизнес-форум өтті. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады. Іс-шара кәсіпкерлер арасында тәжірибе алмасу, пікір бөлісу және қазіргі бизнеске тән өзекті мәселелерді талқылауға арналған диалог алаңына айналды.
Форум ашық форматта өтіп, оған Шығыс Қазақстан облысымен қатар Астана және Семей қалаларынан 400-ге жуық кәсіпкер қатысты. Қатысушылар бизнесті дамыту, заманауи сын-қатерлер мен тәуекелдер тақырыптарын талқылап, алаяқтық әрекеттердің цифрлы кеңістікке ауысу үрдісіне ерекше назар аударды.
Іс-шара бағдарламасында киберқауіпсіздік мәселелеріне жеке блок арналды. Оның аясында ШҚО полиция департаментінің киберполиция қызметкерлері кәсіпкерлер арасында жиі кездесетін интернет алаяқтық түрлері мен олардың алдын алу жолдары туралы ақпарат берді. Полиция қызметкері Нұрай Арыстанбек фишинг, жалған интернет-ресурстар, онлайн төлемдерге қатысты алаяқтық және іскерлік хат-хабарларды заңсыз бұзу схемаларына тоқталды.
Ресми деректерге сәйкес, жыл басынан бері Шығыс Қазақстан облысында 1400-ден астам интернет алаяқтық фактісі тіркелген, оның 50-ден астамы кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты. Бұл мәліметтер цифрлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бизнестің тұрақты әрі қауіпсіз қызметінің маңызды бөлігі екенін көрсетеді.




