Алакөлдегі ірі демалыс орындарының бірінде люкс санатындағы нөмірлерді жалған бейнеролик арқылы жарнамалап, туристерді жаңылыстырған. Бұл туралы Абай облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті мәлімдеді.
Департаментке демалыс орнының жарнамалық бейнеролигінде көрсетілген нөмір нақты ұсынылған бөлмеге сәйкес келмейтіні жөнінде тұтынушыдан шағым түскен. Аталған өтініш негізінде азамат Абай облысы, Мақаншы ауданы, Қабанбай ауылы маңындағы Алакөл жағалауында орналасқан демалыс базасына алдын ала бронь жасағаны анықталған.
Тексеру барысында департамент қызметкерлері тұтынушыдан қосымша дәлелдемелер — фото және бейнематериалдар, төлем чектерін ұсынуды сұратқан. Бұл қызметтің нақты көрсетілгенін растау үшін қажет болған.
Абай облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы С.Нұртазиннің мәлімдеуінше, «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңға сәйкес, сатушы немесе қызмет көрсетуші тұтынушыға ұсынылатын қызмет туралы толық әрі шынайы ақпарат беруге міндетті. Ал шындыққа сай келмейтін жарнама немесе дұрыс емес ақпарат тұтынушының құқықтарын шектеп, шарттық міндеттемелердің орындалмауына әкеп соғады.
Аталған дерекке байланысты Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес, демалыс орнында жоспардан тыс тексеру жүргізілген. Тексеру кезінде кәсіпкерлік субъектісі бастапқыда қателікті мойындамағанымен, нөмірді қарау барысында бірқатар кемшіліктің ішінара жойылғаны белгілі болды. Соған қарамастан, қызмет сапасы жөнінде тұтынушыны адастыру фактісі толықтай расталған.
Тексеру нәтижесінде департамент кәсіпкерлік субъектісіне әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырып, оны жауапкершілікке тартты. Сонымен қатар анықталған кемшіліктерді белгіленген мерзімде жою жөнінде нұсқама берілді. Алайда демалыс орны тексеру қорытындысымен келіспей, әкімшілік хаттама мен нұсқамаға, сондай-ақ қабылданған қаулыға сот тәртібімен шағымданған. Дегенмен сот органдары кәсіпкерлік субъектісінің талабын қанағаттандырудан бас тартты.
Кейін кәсіпкерлік субъектісі сот инстанцияларының бірнеше сатысына жүгініп, сондай-ақ Сауда және интеграция министрлігіне. оның Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетіне шағым жолдаған. Алайда заңнама талаптарына сәйкес, сотта қаралуға тиіс істер өзге мемлекеттік органдардың бақылауына алынбайтынына байланысты бұл өтініштер қараусыз қалдырылған.
Қазір демалыс орнына салынған айыппұл толық көлемде төленіп, анықталған бұзушылықтар жойылды.
Мамандардың ескертуінше, егер осындай құқық бұзушылық бір жыл ішінде қайта тіркелсе, айыппұл мөлшері екі есе ұлғайып, кәсіпкерлік субъектісіне қатысты қатаң шаралар қолданылады. Атап айтқанда, лицензиясынан айыру, қызметін уақытша тоқтату немесе үш жылға дейін жұмыс істеуге тыйым салу қаупі бар.




