Шығыс Қазақстан облысында су тасқыны мен қарғын су басу қаупі бар 71 елді мекен анықталған. Бұл аумақтарда 3 573 тұрғын үй орналасқан, онда 8 638 адам тұрады, деп хабарлайды F16.kz.
Алдағы көктемде болатын су тасқынына дайындық аясында былтыр жаз–күз айларында инженерлік қорғау шаралары жүзеге асырылды. Жоспарға сәйкес жұмыстар Глубокое, Катонқарағай, Шемонаиха, Алтай, Самар, Марқакөл, Үлкен Нарын, Ұлан және Күршім аудандарында, Риддер қаласында жүргізілді.
ШҚО төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, ұзындығы 900 метр болатын қорғаныс бөгеттері жөнделді. Сонымен қатар өзен арналары тереңдетіліп, түзетілді, арықтар тазаланып, жаңадан салынды. Су өткізу арналары бойынша жалпы ұзындығы 13 072 метр инженерлік жұмыс атқарылды. Бұдан бөлек көпірлер мен автокөлік жолдарын салу және жөндеу бойынша төрт жоба іске асырылып, бір гидротехникалық нысанға жөндеу жүргізілді.
Тасқын қаупі күшейген жағдайда әрекет ету үшін жергілікті атқарушы органдар мен азаматтық қорғау қызметтерінің күштері әзірленді. Жалпы саны 3 106 адам, 674 техника, 11 әуе кемесі, 89 жүзу құралы және 242 мотопомпа жұмылдырылуға дайын.
Сондай-ақ сыйымдылығы 21 мың адамды қамтитын 182 уақытша орналастыру пункті толық дайындықтан өткізілді.
Халықты дер кезінде құлақтандыру мақсатында 48 сирена-сөйлеу құрылғысы, SMS-хабарламалар, теле-радио арналарын автоматты түрде қосу, «Дармен» мобильді қосымшасы пайдаланылады. Төтенше жағдай туындаған кезде «Mass Alert» жаппай хабарлау жүйесі іске қосылады.
Су тасқыны жағдайын бақылау «ШҚО әкімінің ахуал орталығы» ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Бұл жүйеде гидрологиялық мониторингке арналған ГАЖ-модуль мен болжау құралдары енгізілген. Ол гидропосттардан су деңгейі, ағыс жылдамдығы және мұз жағдайы туралы деректерді жинап, автоматты түрде талдайды және көрнекі түрде ұсынады. Кіріктірілген жасанды интеллект моделі 49 гидропост бойынша 7 күндік болжам жасап, қауіп-қатерді ерте анықтауға мүмкіндік береді.




