Өскеменде бой көтеретін 5 мың орындық футбол стадионы екі жылда салынып бітуге тиіс. Аймақ футболын дамытуға арналған жиында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов жауапты сала басшыларына осындай міндет қойды, деп хабарлайды F16.kz.
Былтыр «Алтай Өскемен» футбол клубы араға 13 жыл салып Қазақстан премьер лигасына жолдама алған. Осылайша облысқа үлкен футбол қайта оралды. Дүбірлі доп додасында өнер көрсету үшін инфрақұрылымды реттеу керек.
Облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының мәліметінше, қазір «Восток» стадионында ағымдағы жөндеу жүргізіліп жатыр. Келешекте қалада жаңа футбол аренасы салынады.
Өскеменде жабық футбол стадионын салуға арналған жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу аяқталуға жақын. Мемлекеттік сараптамаға ұсыну үшін құжаттар пакеті дайындалып жатыр, — деді басқарма басшысы Асқар Можанов.
Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Ерназ Мұқатаевтың айтуынша, 5 мың адамға арналған жабық үлгідегі спорт кешені 22-ші тұрғын ауданда ірге көтереді. Стадион ішінде воркаут, балалардың ойын алаңдары да болады. Сыртта 370 орынға арналған көлік тұрағы жасалады. Өңір басшысы жаңа нысан екі жылда салынып бітуге тиіс екенін айтты.
Өңірде футбол қарқынды дамып келеді. Жақсы нәтижелер де бар. Жергілікті клубтың жанкүйерлері көбейіп, балалар футболы да алға басты. Сондықтан облыстағы кәсіпорындар мен жеке кәсіп иелерін «Алтай Өскемен» футбол клубын қаржылай қолдауға шақырамын, — деді облыс әкімі.




