Премьер-министр Олжас Бектенов Президенттің «Таза Қазақстан» бастамасын іске асыруға арналған мониторинг орталығының отырысын өткізді. Жиында қоршаған ортаны қорғауда және экологиялық мәдениетті қалыптастыруда цифрлық технологияларды қолдану мәселелері қаралды.
Премьер-министр жоғары экологиялық мәдениет пен табиғатқа жанашырлық жаңа Конституция жобасының негізгі қағидаттарына енгізілуінің маңызын атап өтті.
Отаншылдықты жасампаз іспен көрсету, жоғары экологиялық мәдениетті қалыптастыру жаңа Конституция жобасының түбегейлі принциптері қатарына енгізілгенін ерекше атап өткім келеді. Бұл табиғатқа, туған елге деген жанашырлықты күшейтуге, әрбір азаматтың бойында тазалық мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, «Таза Қазақстан» аясында 1 294 іс-шара өткізіліп, 844 мың тонна қалдық жиналды, 1 млн гектар жер тазартылып, 2,9 млн ағаш отырғызылды. Іс-шараларға 6,9 млн адам қатысты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында қоршаған ортаны қорғауда цифрлық технологияларды қолдануға ерекше назар аударылды. Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев «Қоршаған орта және табиғи ресурстардың жай-күйі туралы Ұлттық деректер банкі» жобасы жүзеге асырылғанын баяндады. Онлайн-платформа эмиссияларға мониторинг жүргізу, өндірістік экологиялық бақылау, ластаушы заттардың шығарындылары мен тасымалдары тіркелімі, қалдықтардың мемлекеттік кадастры, көміртегі кадастры т.б. сияқты бірқатар басқа жүйелер көрсеткішін жинақтайды.
Атап айтқанда, қоршаған орта бойынша Ұлттық деректер банкі іске қосылып, қалдықтарды басқару үшін EcoQolday платформасы жұмыс істеуде. Орман өртін ерте анықтау, су тасқынын болжау жүйелері енгізіліп, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда бақылау пункттері автоматтандырылуда. Ғарыштық мониторинг арқылы 3 828 заңсыз қоқыс орны анықталған.
Сондай-ақ отырыс барысында халықтың экологиялық мәдениетін қалыптастыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижелері қаралды. Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова «Таза Қазақстан» құндылығына баса назар аудара отырып, мектептерден бастап жоғары оқу орындарына дейінгі барлық деңгейлер үшін экологиялық ағартудың бірыңғай стандартын әзірлеудің басталғаны туралы баяндады. Өңірлерде «Жасыл ел» бағдарламасы, «Жасыл клубтар» жобасымен қатар мектеп және мектептен тыс форматтар дамуда.
Премьер-министр бірқатар өңірде «Таза Қазақстан» тұжырымдамасындағы жоспарланған көрсеткіштер орындалмағанына назар аударды. Нақты айтқанда, Алматы облысында суару жүйелері мен су үнемдеу технологияларын енгізу, гранттар беру және үкіметтік емес ұйымдарды қаржыландыру бойынша жұмыстардың жеткіліксіздігі атап өтілді. Ұлытау облысында жасыл көшеттерге түгендеу жүргізілмеген, адамдар көп жиналатын жерлерге фандоматтар орнатылмаған. Бұдан бөлек, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін цифрландыру жүргізілмеген. Абай облысында «жасыл инфрақұрылым» құру жөніндегі жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізілмеген, қоршаған ортаны қорғауға арналған мәдени шаралар да өткізілмеген. Осы бағыттар бойынша Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков, Абай облысының әкімі Берік Уәли тыңдалды.
Қорытындысында Премьер-министр барлық жоспарланған іс-шаралардың орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды. Ол «Таза Қазақстан» бастамасының келесі кезеңі заманауи цифрлық құралдарға, ашық мониторингке және жауапкершілікті нақты бөлуге негізделуі тиіс екенін атап өтті.




