ШҚО-да «Vipusknik.kz – 2026» атты білім беру көрмесі өтті Аталмыш шара өңірде екінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр, деп хабарлайды F16.kz.
Түлектерге арналған бұл шараға Астана, Алматы, Қарағанды, Байқоңыр, Семей және Өскемен қалаларынан жоғары оқу орындары, колледждер мен түрлі білім беру орталықтары қатысты.
Іс-шара республикалық Vipusknik.kz порталының бастамасымен және Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі мен облыстық білім басқармасының қолдауымен өткізіліп отыр. Көрменің басты мақсаты – талапкерлерге болашақ мамандықтарын дұрыс таңдауға көмектесу, бағыт-бағдар беру, – деді ұйымдастырушылардың бірі Сымбат Рамазан.
Өзі қызығушылық танытқан мамандық жайлы мағлұмат алуға келгендердің бірі — №47 мектептің оқушысы Еркін Елдар. Ол Азаматтық авиация академиясының өкілдерінен кеңес алды.
Болашақта авиация саласында маман болуды жоспарлап жүрмін. Менің отбасымда осы салада қызмет еткен жандар бар, екіншіден, қазір Зайсан мен Катонқарағайда әуежайлар салынып жатқандықтан жақсы мүмкіндік деп ойлаймын, — деді ол.
Көрмеге қаладағы жалпы білім беретін мектептердің 9–11 сынып оқушылары қатысып жатыр. Ал аудан мектептерінің оқушылары үшін ZOOM платформасы арқылы онлайн форматта қосылу мүмкіндігі қарастырылған.
Айта кетейік, «Vipusknik.kz – 2026» білім көрмесі 9–10 ақпан күндері сағат 10:00-ден 17:00-ге дейін жұмыс істейді.




