Өскеменде тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге полициямен бірге МИБ пен ПИК өкілдері де жұмылдырылмақ. Бұл туралы ШҚО полиция департаментінде өткен аулалар мен тұрғын үй аумағындағы қауіпсіздік мәселелеріне арналған жиында мәлім болды, деп хабарлайды F16.kz.
Жиында үш негізгі бағыт қаралды: тұрғындардың қауіпсіздігін меншік иелері бірлестігі (МИБ) мен пәтер иелері кооперативі (ПИК) өкілдерінің учаскелік инспекторлармен өзара іс-қимылы арқылы қамтамасыз ету, аулаішілік аумақтарда жол қозғалысын ұйымдастыру және «Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы» жаңа заң нормаларын түсіндіру.
Мемлекет басшысы қол қойған жаңа заң алдағы 2 наурыздан бастап күшіне енеді және профилактика субъектілерінің аясын кеңейтеді. Енді олардың қатарына МИБ төрағалары да ресми түрде енгізіледі. Бұл олардың құқық бұзушылықтардың алдын алудағы рөлін анағұрлым маңызды әрі жүйелі етеді. Сонымен қатар сервистік полиция моделін дамытуға және тұрғындармен әріптестікті нығайтуға ерекше назар аударылды. Учаскелік инспекторлар халықпен тұрақты байланыста болып, түскен өтініштерге жедел әрекет етеді, аулалар мен кіреберістерде туындайтын мәселелерді шешуге көмектеседі.
Қазіргі басты міндет — полиция мен тұрғын үйлерді басқару органдары арасында тұрақты әрі тиімді өзара іс-қимыл жүйесін қалыптастыру. Тұрақты ақпарат алмасу, проблемаларды бірлесіп талдау және ашық диалог арқылы ғана ауладағы тыныштықты қамтамасыз етіп, құқық бұзушылықтардың алдын алуға болады, — деді ШҚО ПД бастығының орынбасары Рифхат Тауфиков.
Жиында көтерілген барлық мәселе қосымша пысықталатыны айтылды, ал бірқатар ұсыныс бойынша жақын арада нақты шешім қабылданады.




