Өскеменде көркем гимнастикадан жастар арасында ел чемпионатының шымылдығы түрілді. Биылғы додаға ұлттық құраманың резервін құрайтын 2014–2016 жылдары туған, бірінші разрядтағы жас гимнастар қатысып жатыр, деп хабарлайды F16.kz.
Ел көлеміндегі ауқымды жарысқа жеке бағдарлама бойынша 81 спортшы және топтық жаттығуларда өнер көрсететін 28 команда жиналды. Атап айтқанда, Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан, сондай-ақ Шығыс Қазақстан, Маңғыстау, Ақтөбе, Қарағанды, Ақмола, Павлодар, Қостанай, Атырау, Абай және Солтүстік Қазақстан облыстарынан спортшылар келді.
Ашылу салтанатында Шығыс Қазақстан облысының денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы, еңбек сіңірген спорт шебері, кикбоксингтен бес дүркін әлем чемпионы Асқар Можанов қатысушыларға сәттілік тіледі. Сонымен қатар «Казцинк» ЖШС-ның әкімшілік мәселелер жөніндегі басқарушы директоры Андрей Лазарев балалар спортын қолдаудың маңызын атап өтті.
Салтанатты шарада жасөспірімдер арасындағы Азия чемпиондары — Қазақстан ұлттық құрамасының мүшелері өнер көрсетіп, жас гимнастарға ерекше шабыт сыйлады.
Алдағы күндері қатысушылар өздерінің техникалық шеберлігі мен артистік қабілетін көрсетіп, чемпиондыққа таласады. Бұл жарыс — болашақта халықаралық аренада Қазақстан намысын қорғайтын таланттарды анықтауға мүмкіндік беретін маңызды кезең.




