Өскемен-Рахман қайнары республикалық автожолы бойында қар көшкінінің алдын алу жұмысы жүргізілді, деп хабарлайды F16.kz.
ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі «Қазселденқорғау» мамандарының мәліметінше, аталған бағытта көліктер көп жүреді және жер бедері де күрделі. Сондықтан қауіптің алдын алу үшін тау беткейлеріндегі қарды етекке сырғыту үшін жарылыс жүргізілді. Барлығы жеті мәрте жарылыс болды. Нәтижесінде 1885 текше метр қар түсіріліп, қар көшкінінің жүру қаупі айтарлықтай азайды.
Айта кету керек, Шығыс Қазақстан облысы – елдегі қар көшкіні қаупі жоғары аймақтардың бірі. Облыстық «Қазселденқорғау» филиалы қызмет көрсететін аумақта 497 қар көшкіні ошағы бар. Сондай-ақ 93 шақырым автожол көшкін жүруі мүмкін аймақта жатыр.
Мамандар тұрғындарға тауға шығар алдында міндетті түрде ауа райы болжамымен танысуға кеңес береді. Егер 112 қызметі дауылды ескерту жарияласа, қауіп төнуі мүмкін бағытта сапарға шықпаған абзал.




