Облыс бойынша пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекетке қайтару жұмыстары қарқынды жалғасуда. Өткен жылдың қорытындысы бойынша өңірде 120 мың гектар жер мемлекет қарамағына өтті. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Надежда Михейлис мәлімдеді, деп хабарлайды F16.kz.
Президент тапсырмасына сәйкес 2022 жылдан бері жүргізіліп келе жатқан жұмыс нәтижесінде облыс бойынша жалпы 463,8 мың гектар жер қайтарылды.
Бүгінде облыс аумағы 9 785,9 мың гектарды құрайды. Оның ішінде 36 пайызы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер, ал 64 пайызы өзге санатқа жатады. Қайтарылған алқаптарды тиімді пайдалану – ауыл шаруашылығын дамыту мен жайылым тапшылығын азайтудың маңызды тетігі, — деп атап өтті Надежда Михейлис.
Өңірде 2025 жылғы жоспар 100 пайызға орындалған. Ал, 2026 жылға бекітілген жоспар 40 мың гектарды құрайды. Қазіргі күні оның 14 мың гектары мемлекет меншігіне өткен.




