Зайсан ауданы Дайыр ауылдық округіндегі №600 референдум учаскесінде маңызды саяси науқан ерекше мерекелік сипатта өтіп жатыр, деп хабарлайды F16.kz.
Дайыр ауылының ең қарт тұрғын 104 жасқа келген Милания Павловнаның құрметіне құрылған «Ғасыр әже» халықтық ән-би ансамблінің мүшелері референдумда өз таңдауларын жасады.
Ақ жаулықты аналар сайлау учаскесіне ұлттық нақыштағы киімдерімен келіп, шашу шашып, жиналғандарға ыстық бауырсақ таратты. Сонымен қатар апалар өз қолдарынан шыққан бірегей қолөнер бұйымдарын жұртшылық назарына ұсынды.
Біз Конституциялық өзгерістерді толық қолдаймыз. Бүгінгі таңдауымыз — болашақ ұрпақтың бақытты өмірі мен еліміздің тұрақтылығы үшін жасалған маңызды қадам, — дейді ақ жаулықты аналар.
Ауыл ақсақалдары мен аналардың бұл бастамасы жастар үшін нағыз отансүйгіштік пен белсенділіктің үлгісі болды.




