Наурыз айындағы мереке күндеріне орай Қазақстанның әуе компаниялары ішкі рейстер санын көбейтіп жатыр. Көлік министрлігінің мәліметінше, бұл күндері жолаушылар тасымалымен айналысатын компаниялар қосымша 160 рейс орындайды, деп хабарлайды F16.kz.
2026 жылғы 16–29 наурыз аралығында Air Astana және FlyArystan сұранысқа ие бағыттар бойынша 146 қосымша рейс ұйымдастырмақ. Оның 80-і Алматы-Астана бағытында болады.
Сонымен қатар Алматы, Астана және Ақтау қалаларынан Ақтөбе, Шымкент, Түркістан, Қарағанды, Қостанай, Семей, Ақтау, Атырау, Өскемен және Орал қалаларына қосымша рейстер жоспарланған.
19-21 наурыз аралығында SCAT әуе компаниясы Алматы-Астана бағыты бойынша бес рейс, сондай-ақ Шымкент-Ақтау бағыты бойынша бір рейс ашады. 23–26 наурыз аралығында Алматы-Астана бағытында тағы төрт рейс, Шымкент-Астана және Ақтау-Астана бағыттарында бір-бірден рейс қосылады.
Қосымша рейстердің ашылуы ел ішінде қатынауды жеңілдетіп, азаматтардың мереке күнгі сапарын жоспарлауына мүмкіндік береді. Жолаушыларға әуе компанияларының ресми сайттарынан қосымша рейстер туралы ақпаратты алдын ала тексеріп, билеттерді ертерек рәсімдеу ұсынылады, — делінген министрлік хабарламасында.




