Өскеменде Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамына орай кең көлемді мерекелік жәрмеңке ұйымдастырылып, қала тұрғындарына ауыл шаруашылығы өнімдері қолжетімді бағада ұсынылды. Дәстүрлі шараға өңірдің түкпір-түкпірінен келген шаруалар мен кәсіпкерлер қатысып, өз өнімдерін халыққа делдалсыз сатты, деп хабарлайды F16.kz.
Жәрмеңке сөрелерінде ет, сүт өнімдері, көкөніс, жеміс-жидек, бал, ұн және басқа да азық-түлік түрлері молынан болды. Бағасы нарықтан төмен болуы тұрғындар үшін үлкен мүмкіндік туғызса, кәсіпкерлерге өз өнімдерін тиімді өткізуге жол ашты. Осылайша, жәрмеңке екі тарапқа да пайдалы алаңға айналды.
Мұндай шаралардың басты артықшылығы – азық-түлік бағасын тұрақтандыруға ықпал етуінде. Делдалсыз сауда жүйесі бағаның негізсіз өсуіне жол бермей, нарықтағы тепе-теңдікті сақтауға көмектеседі. Сонымен қатар, жергілікті өнім өндірушілерге қолдау көрсетіліп, олардың еңбегі ел игілігіне тікелей ұсынылады.
Тоңазытқыштағы соғым етінің түбі көрініп қалған еді, жәрмеңке жақсы болды. Тарбағатайдан әкелген ірі қараның сан етін сатып алдым. Одан бөлек құрт-май алдық аздап. Әзірге болады. Алдағы уақытта тағы өткізетін шығар, сол кезде алармыз. Бағасы арзандау, делдалсыз алған соң солай шығар. Әйтпесе базарда еттің бағасы ұшып тұр ғой. Мына жерде 500-1000 теңгеге дейін түсіріп, саудаласып алуға болады, — деді Өскемен тұрғыны Марат Жүрсінбекұлы.
Өскемен іргесінде Шығыс ауылында тұратын Күміс есімді кәсіпкер жәрмеңкеге өзі жасаған құрт-май, кілегей, қызыл ірімшік, қымыз, шұбат және басқа да ақ өнімдерді мол әкеліпті.
Бүгінгі мерекелік жәрмеңкеде сүт тағамдарын сатып жатырмын. Бәрін өз қолыммен жасадым, таза табиғи өнім. Құрттың түр-түрі бар. Сапасы жоғары, құнарлы. Алған жұрт риза болып, алғыс айтып жатыр. Бағасы да базардағыдан әлдеқайда арзан, — деді кәсіпкер.




