Өскемен алдағы жылдары еліміздің энергетикалық картасында маңызды орынға ие болмақ. 2026–2030 жылдарға арналған көмір генерациясын дамыту ұлттық жобасы аясында Шығыстың бас қаласында жаңа жылу электр орталығы (ЖЭО) салынады, деп хабарлайды F16.kz.
Энергетика министрлігінің мәліметінше, бұл бастама — өңірдегі электр энергиясына сұраныстың артуын қамтамасыз етуге және инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған ауқымды бағдарламаның бір бөлігі. Жоба елдің біртұтас электр энергетикалық жүйесінің тұрақтылығын күшейтуді көздейді.
Өскеменде салынатын жаңа ЖЭО-ның қуаты 360 МВт болады. Бұл нысан тек қала үшін емес, жалпы Шығыс Қазақстан өңірінің энергетикалық қауіпсіздігін арттыруға ықпал етпек. Сонымен қатар жоба аясында еліміздің өзге аймақтарында да жаңа станциялар салынып, қолданыстағы нысандар жаңғыртылады.
Жалпы алғанда, 2030 жылға дейін Қазақстанда 7,8 ГВт жаңа және жаңартылған қуат көздерін іске қосу жоспарланған. Оның ішінде сегіз жаңа электр станциясы салынып, 11 нысанға жаңғырту жүргізіледі.
Сарапшылардың айтуынша, Өскемендегі жаңа энергия көзі өндіріс орындарының тұрақты жұмыс істеуіне, сондай-ақ өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді. Бұған қоса қолданыстағы энергетикалық жабдықтардың тозу деңгейін төмендету де көзделіп отыр.
Энергетика министрлігі көмір генерациясы технологиялық жаңғырту мен экологиялық талаптарды сақтау арқылы елдің ұзақмерзімді энергетикалық тұрақтылығын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратынын атап өтті.




