Шығыс Қазақстан облысының делегациясы Қытай Халық Республикасының Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында жұмыс сапарын жалғастырып жатыр. Делегацияны облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Байахметов бастап барды, деп хабарлайды F16.kz.
Сапар аясында екі өңірдің инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылды. Кездесуді ШҚО әкімінің орынбасары мен ШҰАА Халық үкіметі хатшылығы басшысының орынбасары Чжоу Чао ашып, өзара ынтымақтастықтың маңызын атап өтті. Одан әрі тараптар түрлі салалар бойынша баяндама жасап, негізгі көрсеткіштер мен алдағы жоспарларды ортаға салды.
Жиын барысында облыстық туризм басқармасының басшысы Ержан Сембинов өңірдің Қытай мен Ресей арасындағы маңызды көлік-логистикалық хабқа айналуға әлеуеті бар екенін жеткізді. Оның айтуынша, кейінгі жылдары инфрақұрылымды дамыту бағытында ауқымды жұмыс атқарылған.
Атап айтқанда, 2024 жылы Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін Орталық Азиядағы ең ұзын көпір пайдалануға берілді. Соңғы екі жылда шамамен 1,5 мың шақырым автожол жөнделіп, жаңғыртылған. Сонымен қатар Қытаймен шекаралас Катонқарағай және Зайсан аудандарында әуежай құрылысы жүріп жатыр.
Өңір жылына 1 миллионға дейін турист қабылдауға дайын. Осыған байланысты қытайлық инвесторлар туристік инфрақұрылымды дамытуға шақырылды.
Бұдан бөлек Шығыс Қазақстанда агроөнеркәсіп кешені мен қайта өңдеу саласы қарқынды дамып келеді. Энергетика бағытында да мүмкіндіктер мол: өңірде гидроэлектростанциялар салуға арналған 95 перспективалы орын анықталған.
Кездесу қорытындысында тараптар B2B форматында келіссөздер жүргізіп, болашақ бірлескен жобалардың жаңа бағыттарын талқылады.




