Зейнетақы жинағының ең төмен жеткілікті шегін айқындау тәртібі қайта қаралуы мүмкін. Бұл өзгерістер Қазақстан Үкіметі әзірлеген қаулы жобасында қарастырылған, деп хабарлайды F16.kz.
Құжатқа сәйкес, міндетті және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен төленетін қаражатты пайдалану тәртібі мен есептеу әдістемесіне бірқатар өзгеріс енгізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ зейнетақы жинағының ең төмен жеткілікті шегін анықтау механизмі жетілдіріліп, жүйе нарық талаптарына бейімделмек.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы төлемдерін, тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) емделуге ақы төлеу мақсатында міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған біржолғы зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру, оларды бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына қайтару қағидаларын, зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеуді жүзеге асыру әдістемесін, алушының орташа айлық кірісін зейнетақы төлемдерімен алмастыру коэффициентін айқындау әдістемесін, зейнетақы жинақтарының ең төмен жеткілікті шегін айқындау әдістемесін бекіту туралы» Үкімет қаулысына «өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Үкімет қаулысының жобасы зейнетақы жинақтарының ең төмен жеткіліктілік шегін айқындау және жинақтаушы зейнетақы жүйесінен зейнетақымен қамсыздандырудың барабарлығын арттыру тетігін жетілдіру мақсатында әзірленді, – делінген құжатта.
Аталған қаулы жобасы Ашық НҚА порталында жарияланып, 21 сәуірге дейін қоғамдық талқылауға ұсынылған.




