Күннің күрт жылынуынан Шығыс Қазақстандағы Бұқтырма өзенінің су деңгейі бір күнде 17 см көтерілді. Бұл жөнінде облыс әкімі Нұрымбет Сақтағановтың Алтай ауданына жұмыс сапары барысында мәлім болды, деп хабарлайды F16.kz.
Өңір басшысы Зубовка кентінің іргесіндегі Бұқтырма өзенінің жағалауына салынған бөгетті көріп, төтенше жағдайдың алдын алу жұмысымен танысты.
Қазір біз тасқын қаупі жоғары аймақтардағы мәліметті жинақтап, цифрлық жүйеге енгізіп жатырмыз. Мәселен, облыс аумағындағы қардың қалыңдығы, жауын-шашын мөлшері деген сияқты деректер цифрландырылған. Соның көмегімен жағдайды күні бұрын зерделеп, тасқынның алдын алу жұмысы жүргізіледі. Бұқтырма өзенінің Зубовка кенті маңындағы бөлігінде қосымша екі су бұрғыш жасалды. Ол көктемгі мұз кептелісі кезінде жағалауды су жырып кетпеуі үшін қажет, – деді аймақ басшысы.
Облыс әкімінің айтуынша, қазір Бұқтырма өзеніндегі су деңгейі 420 см болып тұр. Кеше, 7 ақпанда су деңгейі 17 см көтерілген.
Алтай ауданында елді мекендердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін өзен жағалауына жалпы ұзынды 16 шақырым бөгет салынған. Оның 500 метрі былтыр жасалды. Биыл бгеттің су қашуы ықтимал бөліктеріне жөндеу жүргізіліп, нығайтылды.
Осы жұмыстың арқасында Зубовка кенті мен ауданның басқа да ауылдарында су басу қаупі төмендеді, – деп атап өтті Нұрымбет Сақтағанов.




