ШҚО әкімі Үлкен Нарын ауданына жұмыс сапары барысында су тасқынына қарсы шаралармен қатар, әлеуметтік маңызы бар нысандарды аралады. Жобалардың іске асырылу барысымен танысқан өңір басшысы оларды уақтылы аяқтау міндетін қойды, деп хабарлайды F16.kz.
Аймақ басшысы алдымен Үлкен Нарын ауданындағы туристік ақпараттық орталық аумағын абаттандыру жұмыстарының барысымен танысты. Құны 92 миллион теңгеден асатын жобаны Үлкен Нарын ауданы мәдениет және демалыс орталығы және мердігер ұйым «Нарын Строй Сервис» ЖШС іске асырып жатыр.
Жоба аясында 800 шаршы метр аумаққа брусчатка төсеу, шамдар мен шағын архитектуралық формалар, орындықтар орнату және қоқыс жәшіктері, гүлзарлар жасау жоспарланған. Жұмыстар кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр.
Бұл жобалардың барлығы халықтың өмір сапасын жақсарту, туризмді дамыту және инфрақұрылымды нығайту тұрғысынан маңызды. Біз ең әуелі құрылыс мерзімдерінің сақталуына, сапа мен бюджет қаражатының тиімді жұмсалуына мән беруіміз керек, — деді Нұрымбет Сақтағанов.
Сапар қорытындысында облыс әкімі жергілікті атқарушы органдар мен мердігерлерге жобалардың іске асырылу қарқынын арттыру және объектілерді уақтылы пайдалануға беруді тапсырды.




