Алтай ауданының Зубовка кентінде орналасқан «Алтай» теміржол вокзалы заманауи талаптарға сай жаңғыртылып жатыр. Стратегиялық маңызды нысанның жөндеу жұмысы былтыр күзде басталып, биыл жазда толық аяқталмақ, деп хабарлайды F16.kz.
Қазақстанда теміржол вокзалдарын жаңғыртуға бағытталған ауқымды мемлекеттік бағдарлама кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Былтыр қолға алынған бұл бастама жолаушыларға қолайлы жағдай жасауға, қауіпсіздікті күшейтуге және инфрақұрылымды заманауи талаптарға сәйкестендіруге бағытталған. Сонымен қатар ерекше қажеттілігі бар азаматтарға қолжетімді орта қалыптастыру да басты назарда. Аталған жоба аясында Шығыс Қазақстан облысында бірнеше вокзал да жаңартылады. Солардың бірі – Зубовка кентіндегі «Алтай» теміржол вокзалы. Бұл нысан өңір үшін стратегиялық маңызға ие, себебі ауданға ат басын бұратын жолаушылардың басым бөлігі дәл осы вокзал арқылы қатынайды. Әсіресе, табиғаты көркем Алтай өңіріне бағыт алған туристерге бұл – алғашқы аялдама.
Вокзалды жаңғырту былтыр қыркүйектің соңында басталған. Қазір құрылыс жұмысы жоспарға сәйкес жүргізіліп, негізгі кезең аяқталуға жақын.

Жоба жетекшісі Дәурен Сәрсембаевтың айтуынша, ғимараттың ескіруіне байланысты ең алдымен оның беріктігін арттыруға басымдық берілген. Барлық негізгі құрылыс жұмысы орындалған. Атап айтқанда, ғимарат қабырғалары арнайы арматура торымен күшейтіліп, сейсмикалық белдеулер орнатылған. Бұл нысанның қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар сыртқы және ішкі сылақ жұмысы жүргізіліп, шатыры толық жаңартылған. Қазір вокзал ішінде әрлеу және инженерлік жүйелерді орнату жұмысы қолға алынған. Еденді тегістеу жұмысының шамамен 80 пайызы аяқталған. Төбесі толық қапталып, іші заманауи талаптарға сай безендірілді. Жылыту және желдету жүйелерінің дайындығы 70 пайызға жеткен. Бұл жүйелер вокзал ішінде жыл бойы қолайлы микроклимат қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Сыртқы әрлеу жұмысы да назардан тыс қалған жоқ. Қажетті құрылыс материалдары жеткізіліп, жақын күндері ғимараттың қасбетін жаңарту басталады.
Сонымен қатар инженерлік желілерді толық жүргізу, аумақты абаттандыру және қосымша инфрақұрылымды дамыту жоспарланған.
Жоба жетекшісінің мәліметінше, барлық жұмыс белгіленген мерзімде, яғни маусымның соңына дейін толық аяқталуға тиіс. Ал вокзалды пайдалануға беру шілде айына жоспарланып отыр.
Құрылыс барысымен Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов арнайы барып танысты. Өңір басшысы Алтай ауданының туристік әлеуетіне жеке тоқталып, бұл өңірге келетін саяхатшыларға вокзалдың маңызы зор екенін атап өтті.
Алтай ауданы – өңіріміздегі ең көрікті жерлердің бірі. Туристердің көпшілігі бұл жаққа пойызбен келіп, ең алдымен вокзалды көреді. Сондықтан олардың алғашқы әсері дәл осы жерде қалыптасады. Ең басты талап – сапа. Құрылыс жұмысына ерекше көңіл бөлу қажет, – деді аймақ басшысы.
Сонымен қатар облыс әкімі жергілікті билік өкілдеріне вокзалға апаратын жолды, бекет маңындағы алаңды жөндеу және аумақты жарықтандыру мәселесін шешуді тапсырды. Бұның бәрі жолаушыларға қолайлы орта қалыптастырумен қатар, қауіпсіздікті арттыруға бағытталған.
Жаңғырту жұмысы барысында жергілікті өндірушілерді қолдау мәселесіне де ерекше мән берілген. Құрылысқа қажетті материалдың бір бөлігі, атап айтқанда ағаш өнімдері, фанера және шатыр жабындары жергілікті жерде өндірілген. Бұл өз кезегінде жергілікті экономиканы қолдауға мүмкіндік береді.

Жалпы алғанда, «Алтай» теміржол вокзалын жаңғырту жобасы тек ғимаратты жөндеумен шектелмейді. Бұл – өңірдің көлік инфрақұрылымын дамытуға, туристік тартымдылығын арттыруға және жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын жақсартуға бағытталған кешенді жұмыс.
Жоба толық іске асқаннан кейін Зубовка кентіндегі вокзал заманауи талаптарға сай, ыңғайлы әрі қауіпсіз нысанға айналады. Бұл өз кезегінде Алтай ауданына келетін туристер ағынын арттырып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізеді.
Президенттің транзиттік әлеуетті дамыту және еліміздің көлік-логистикалық рөлін нығайту жөніндегі тапсырмасына сәйкес теміржол инфрақұрылымын дамыту және жаңғырту бойынша жүйелі жұмыс қолға алынған. Мемлекеттік бағдарлама аясында 2025–2026 жылдары Қазақстанда 124 теміржол вокзалы жаңартылады. Осы қатарда Шығыс Қазақстан облысындағы бес теміржол вокзалы бар. Бүгінде Өскемен, Риддер, Шемонаиха, Алтай және Серебрянка қалаларында теміржол вокзалдарын қайта құру жұмыстары жүріп жатыр.
Зубовка кентіндегі «Алтай» теміржол вокзалын жаңғырту – өңірдің көлік инфрақұрылымын жаңартып қана қоймай, Алтай ауданының туристік әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды қадам. Жоба аясында вокзал заманауи талаптарға сай қайта салынып, жолаушыларға қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптасады. Ал бұл өз кезегінде өңірге келетін туристер ағынын көбейтіп, жергілікті экономиканың дамуына серпін бермек.




