Шығыс Қазақстан облысының мемлекеттік кірістер департаменті пайдалы қазбаларды өндіру салығына қатысты маңызды өзгерістер туралы хабарлады. Ведомство Салық кодексінің нормаларын біркелкі қолдану мақсатында жаңа тәртіпті түсіндірді, деп хабарлайды F16.kz.
Биылғы 1 қаңтардан бастап Бюджет кодексіне енгізілген өзгерістерге сәйкес, кең таралған пайдалы қазбаларға, жерасты суына және емдік балшыққа салынатын салық түсімдері жергілікті бюджетке бағытталады. Атап айтқанда, қаражат бюджет жүйесінің 3-деңгейі (аудандық және облыстық маңызы бар қалалар) мен 4-деңгейіне (аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер және ауылдық округтер) есептеледі.
Осы өзгерістерге байланысты қаржы министрінің 2025 жылғы 4 сәуірдегі №152 бұйрығымен 2026 жылдан бастап аталған салық түрлері 105310 бюджеттік сыныптама коды (БКК) бойынша төленетін болды.
Сонымен қатар қолданыстағы заңнамаға сәйкес, салық төлеушілер есепті кезеңнен кейінгі екінші айдың 25-інен кешіктірмей салықты төлеуге, ал 15-інен кешіктірмей декларацияны тапсыруға міндетті.
Мамандардың айтуынша, нормаларды қолдануда қайшылықта болдырмау үшін бұл мәселе 2026 жылғы 3 наурызда жаңа Салық кодексін енгізу жөніндегі жобалық кеңсе отырысында қаралған. Нәтижесінде салық төлеуді салық салу объектісінің орналасқан жері бойынша жүзеге асыруға қатысты түзетулер енгізу туралы шешім қабылданған. Осыған байланысты, Салық кодексіне тиісті өзгерістер енгізілгенге дейін уақытша тәртіп белгіленді:
- 2025 жылғы 4-тоқсан бойынша декларация жер қойнауын пайдаланушының тіркелген жері бойынша тапсырылады (105306 БКК);
- 2026 жылғы салық кезеңдерінен бастап декларация салық салу объектісінің орналасқан жері бойынша ұсынылып, төлем 105310 БКК арқылы жүргізіледі.
Аталған өзгерістер жергілікті бюджеттердің қаржылық дербестігін арттыруға және өңірлік деңгейде түсімдерді тиімді бөлуге бағытталған.




