Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин ең төменгі жалақыға қатысты журналистер сұрағына жауап берді. Ол елдегі ең төменгі жалақы деңгейі қайта қаралып жатқанын мәлім етті, деп хабарлайды F16.kz.
Бүгінгі таңда елдегі ең төменгі жалақы мөлшері 85 мың теңге.
Біз ең төменгі жалақыны кезең-кезеңімен арттыруды жоспарлап отырмыз. Халықаралық тәжірибеге сүйенсек, оның көлемі медианалық жалақының шамамен 50 пайызына тең болуға тиіс. Соған сәйкес, алдағы уақытта жалақының ең төменгі шегін 150 мың теңгеге дейін жеткізу міндеті тұр, – деді Азамат Әмрин.
Вице-министр бұл мәселе тікелей мемлекет бюджетінің мүмкіндіктеріне байланысты жүзеге асырылатынын айтты.
Қашан 150 мың теңге деңгейіне жететінін дәл қазір айту қиын. Бұл – күрделі әрі көп факторға тәуелді мәселе. Біз қазір бюджет параметрлерін есептеп жатырмыз. Биылғы кірістердің қалай болатынын көреміз. Егер оң динамика сақталса, мұндай шешімді жүзеге асыруға қаржылық мүмкіндік туындайды, — деп түсіндірді ол.
Еске салайық, бұған дейін, наурыз айында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ең төменгі жалақыны есептеу әдістемесін өзгерту жоспарланып отырғанын хабарлаған болатын.




