Орталық Азиядағы орнықты даму күн тәртібін қалыптастыратын ірі халықаралық алаң – RES 2026 өңірлік экологиялық саммиті аясында Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті білім, ғылым және технология саласындағы «жасыл» трансформация көшбасшысы ретінде таныстырылды, деп хабарлайды F16.kz.
Білім ордасы халықаралық көрмеде Green EKTU атты орнықты даму моделін ұсынды. Бұл жоба бүгінде Қазақстан жоғары оқу орындарына үлгі ретінде қарастырылып отыр.
Университет ректоры Сәуле Рахметуллина аталған бастамаларды ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекке және халықаралық сарапшыларға таныстырды. Жоба аясында білім беру, ғылым, цифрлық шешімдер мен экологиялық жауапкершілікті біріктіретін кешенді экожүйе ұсынылды.
Green EKTU бірнеше негізгі бағыт бойынша дамып келеді. Атап айтқанда, Green Science – экологиялық мәселелерді шешуге бағытталған ғылыми зерттеулер, Green Education – орнықты даму үшін жаңа буын мамандарын даярлайтын білім беру бағдарламалары. Университет «Қоршаған орта химиясы және орнықты даму», «Жасыл химия», «Қалпына келетін энергия көздері» сияқты бағыттарды қамтиды.
Сондай-ақ жоғары технология және экология салаларында кадр даярлау ісі де ерекше назарда. Соның ішінде халықаралық талаптарға, МАГАТЭ стандарттарына сай іске асырылатын «Атом электр станцияларын пайдалану» білім беру бағдарламасының маңызы зор.
Green Technologies бағыты төмен көміртекті және энергия үнемдейтін шешімдерді енгізуге бағытталса, Green Mind студенттер мен қызметкерлер арасында экологиялық мәдениет қалыптастыруды көздейді.
Университеттің тағы бір маңызды жобасы – Big Data және Data Hub негізінде құрылған Digital & Green Campus цифрлық экожүйесі. Бұл жүйе барлық үдерісті біріктіріп, «ақылды» әрі экологиялық кампус қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Саммит қатысушылары университеттің қолданбалы жобаларына ерекше қызығушылық туғызды. Олардың қатарында жасанды интеллект пен гидродинамикалық модельдерге негізделген су тасқынын болжау жүйесі және Шығыс Қазақстандағы қар көшкінін цифрлық мониторингтеу жобалары бар. Бұл бастамалар «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатыр.
Айта кету керек, Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ бүгінгі таңда GreenMetric халықаралық рейтингінде Қазақстанда көш бастап, «2025 жылдың ең жасыл университеті» атағына ие болған. Сонымен қатар оқу орны өңірлік және халықаралық экологиялық күн тәртібін қалыптастыруда маңызды рөл атқарып келеді.
Сарапшылардың пікірінше, RES 2026 саммитіне қатысу – университет үшін тек жетістіктерді таныстыру емес, жаңа экологиялық ойлау жүйесін қалыптастыруға, адами капиталды дамытуға және халықаралық ғылыми-білім беру байланыстарын нығайтуға қосылған үлес.




